Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Әйел белдігі

Әйел белдігі. XIX ғасырдың соңы. Жетісу. Былғары, металл, ақық (сердолик), ою, штамптау, күміспен қақтау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Әйел белдігі

Бұл белдік әйелдер киімінің белдік және бекіткіш әшекейлері қатарына жатады. Ол тұрмыстық қызметпен қатар сәндік және мәртебелік мән атқарған. Ерлер белдігінен айырмашылығы, оның композициялық құрылымы сәндік элементтердің бұйым бойына біркелкі орналасуына негізделіп, әйел киімінің көркемдік тұтастығын айқындауға бағытталған.

Бұйымның құрылымы былғары негізден тұрады. Оның бетіне қатаң ырғақпен орналасқан көптеген тікбұрышты металл қаптырмалар бекітілген. Белдіктің екі шеті күрделі өрнектелген ірі металл пластиналармен аяқталып, олар бекіткіш қызметін атқарады. Жалпы композициясы сызықтық-фриздік сипатқа ие болып, симметрия мен өрнектік мотивтердің қайталануына негізделген.

Өрнектік жүйесі негізінен өсімдік тектес және геометрияланған мотивтерден құралған. Өрнектер күңгірт металл бетіне күміс қақтау тәсілімен түсірілген. Ашық түсті күміс өрнек пен қараңғы негіздің қарама-қарсылығы бұйымның графикалық мәнерлілігін күшейтеді. Орталық сәндік элементтер дөңгелек және спираль тәрізді күрделі композициялармен ерекшеленеді. Мұндай өрнектер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінің зергерлік дәстүрлеріне тән көркемдік белгілердің бірі болып табылады.

Технологиялық тұрғыдан бұйым бірнеше металл өңдеу тәсілдерінің үйлесуімен орындалған. Қалыптау (штамптау) өрнектің негізгі құрылымын жасаса, ойып өңдеу оның бөлшектерін нақтылайды. Ал күміспен қақтау сәндік суретті қалыптастырып, бұйым бетінде айқын көрінетін түстік контраст туғызады.

Жалпы алғанда, бұл белдік Жетісу өңіріндегі әйел киімін көркем безендіру дәстүрінің жарқын үлгісі болып табылады. Оның ырғақты ұйымдастырылған өрнектік жүйесі иесінің әлеуметтік мәртебесін білдіріп қана қоймай, дәстүрлі эстетикалық талғам мен көркемдік мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді.