Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Кездесу». 2017–2023. Аралас техника. Дереккөз: Business FM Kazakhstan (https://businessfm.kz).

Аканаев Амандос

Композицияның орталығында дәстүрлі қазақ әйелдерінің бас киімі – кимешек бейнесі арқылы интерпретацияланған әйел профилі ұсынылған. Кимешек түрлі сәндік элементтермен, асыл тастармен және металл қондырмалармен байытылған. Бұл образ визуалды таңба ретінде қызмет атқарып, кейіпкердің тәндік болмысын дәстүрлі символикалық кодтың тасымалдаушысына айналдырады. Картинаның сол жақ бөлігіндегі фонда жылқылардың бейнелері мен дала ландшафтының фрагменттері көрініс тапқан. Олар композицияға кеңістік пен уақытқа тамырланғандық идеясын енгізеді. Стилистикалық тұрғыдан шығарма «рельефті кескіндеме» бағытына жатады. Бұл бағытта кескіндемелік бет пластикалық-мүсіндік сипатқа ие болады. Аманжол Ақанаев шығармашылығында мұндай тәсіл бейненің материалдық қасиетін күшейту арқылы жүзеге асырылады, бас киімнің сәндік элементтері көлемді, зергерлік бұйымдарға ұқсас пішінде беріліп, кенеп құрылымына тұтас енгізілген. Қанық көк-жасыл және қоңыр реңктерде орындалған фон терең кеңістіктік өріс қалыптастырады. Осы кеңістікте кейіпкердің бейнесі ашық түсті акценттің көмегімен айқын ерекшеленіп, композицияның басты назар нүктесіне айналады. Мағыналық интерпретация тұрғысынан алғанда, «Кездесу» атауы мәдени және уақыттық тоғысудың концепті ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл атау өткен мен бүгіннің, дәстүр мен заманауилықтың, тарихи жады мен қазіргі көркемдік тәжірибенің өзара байланысын білдіреді. Осылайша туынды ұлттық мәдени кодтардың сабақтастығын көрсететін және мәдени бірегейліктің көркем бейнесін қалыптастыратын күрделі символдық кеңістікке айналады.