Тұсалаша, ХХ ғ.
ХХ ғасырдың ортасы. Жамбыл облысы. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы.
«Алдымызда түстерінің өзара үйлесімімен және геометриялық өрнектерінің байлығымен ерекшеленетін қабырға алашасының тамаша үлгісі тұр. Дәстүрге сай, туындының композициясы тік бағытта (вертикальды принциппен) құрылған.Ою-өрнектік бедері ромб тәріздес «шаршы» нақыштарын, сондай-ақ «ботакөз», «өрмекші» және «керегекөз» өрнектерін қамтиды. Жіңішке жолақтары «ирексу» өрнегімен көмкерілген. Мұндай ұштасу күрделі болғанымен, бірқалыпты әрі теңгерілген ырғақтық жүйе түзеді.Мағыналық (семантикалық) тұрғыдан алсақ шаршы (ромб) — жердің, құт-береке мен тұрақтылықтың нышаны; ботакөз дәстүрлі түрде бойтұмар ретінде, қырағылық пен қорғаныстың символы ретінде танылады; өрмекші байланыс, тағдырдың өрілуі және тіршіліктің үздіксіздігі идеясымен астасады; керегекөз киіз үй керегесінің торкөзін еске түсіріп, шаңырақ пен рулық кеңістікті бейнелейді; ал ирексу (толқын тәріздес өрнек) тіршіліктің қайнар көзі, қозғалыс пен тазарудың символы болып табылатын су бейнесімен сәйкес келеді.Кілемнің басым түсі — жылулық пен ішкі қуат сезімін ұялататын асқақ қою қызыл (бордо) реңк. Ол жасыл, көгілдір, қара және ақ түсті жіптермен үйлесе отырып, қанық әрі үйлесімді түстер палитрасын құрайды».