Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Боғжама ХХ ғ.

Өндірілген орны белгісіз. Аралас тоқу әдісі.Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы.

Боғжама — заттарды тасымалдау мен сақтауға арналған, тікбұрышты пішінді дәстүрлі қап. Бұл жәдігер жасалу техникасының ұштасуымен ерекшеленеді: алдыңғы беті түкті тоқу әдісімен орындалса, артқы жағы мен бүйірлері түксіз тоқылған матаның екі кесіндісінен тігілген. Алдыңғы бетінің композициясы орталық өрісі мен жиектері нақты ажыратылған кілемдік принциппен құрылған. Өрнектелуі шаршы оюына негізделген, оның ішіне иттабан мотивтері мен зооморфтық элементтер салынған. Шаршының ромб тәріздес құрылымы реттелген кеңістік пен құт-берекенің нышаны болса, иттабан өрнегі дәстүрлі түрде қорғаныш (тұмарлық) белгісі ретінде түсіндіріледі.