Астау
Шарбақты аудандық тарихи-өлкетану музейі. • Астау. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қоры.
Астау – ет тағамдарына арналған ағаш табақ: ол бешбармақ үшін – сопақша, палау үшін – дөңгелек, ал ет немесе қой басын салу үшін – жайпақ пішінде жасалады. Астау қайың, емен, алмұрт сияқты қатты ағаш тұқымдарынан дайындалады. Қайыңның түбірінен (төменгі бөлігінен) жасалған астаудың талшықты құрылымы тағамның жылуын ұзақ уақыт бойы сақтайды. Мұндай ағаш түрлері еттің дәмін бұзбайды деп есептелген. Мұражайларда сақталған көне астау үлгілеріне ықшам пішін, артық әшекейдің жоқтығы және үйлесімді пропорция тән. Шеберлер ағаш діңінің табиғи сопақша пішінін сақтай отырып, оның ішін қашап, қажетті тереңдік берген және жиектерін тегістеп, ернеулерін жіңішке етіп қалдырған. Астауды дастарқанға қоюға ыңғайлы болуы үшін оның екі шеті (ұштары) кеңірек етіп жасалған. Халықтық наным-сенімдерде астаудың қасиетті күші бар деп есептелген; ол адамдарды жағымсыз күштерден және өмір тауқыметінен қорғайды деген түсінік болған. Көпшілік болып рухани ас ішуге арналған астаулардың бірегей үлгілері «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының қорында сақтаулы. Қайың ағашынан жасалған бұл жәдігерлердің ұзындығы өте үлкен (240х40х33 см; 225х40х25 см). Мұндай астаулар жұма намазынан кейін таратылатын «халим» тағамын ұсыну үшін пайдаланылған.