Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Кебеже

Ақтөбе облысы. Е.А. Масанов бойынша. • Кебеже. Ағаш, оймыштап кесу, бояумен өрнектеу. ҚР МММ. • Кебеже. Ағаш ою. Сүйекпен инкрустациялау (бедерлеп қондыру). ХХ ғ. басы.

Кебеже – өзінің құрылымы мен атқаратын қызметі жағынан сандыққа ұқсайтын, бірақ аяқтары бар, тағам қорларын (сүр ет, құрт т.б.) сақтауға арналған ағаш жәшік. Кебежелер, әдетте, қайыңнан жасалады. Сандық сияқты, кебеженің де қақпағы жоғары қарай ашылады немесе еркін алынады.Е.А. Масановтың экспедициясы кезінде табылған кебежедегі өрнектердің құрылымы екі деңгейлі болып келеді. Олар тік орналасқан екі жиектеме (бордюр) және солардың өрнегін қайталайтын бөлгіш жолақ арқылы біртұтас ырғаққа біріктірілген. Жоғарғы деңгей мұнда үш қырлы ойып-қашау әдісімен жасалған сатылы жарты ромб мотивтері қолданылған. Сатылы ромб мотиві кілем тоқу өнерінде де кездеседі және оның мағынасы құнарлылық, береке идеясымен байланысты. Төменгі деңгей жиектеме ішіне алынған көлбеу параллель сызықтар жоғарғы ярустағы өрнектерге визуалды қарама-қайшылық (контраст) тудырып тұр.ҚР Орталық мемлекеттік музейінің қорындағы бояумен әрленген кебежеде композиция орталық ось бойынша симметриялы құрылған. Оның дәл ортасында қалақшаларының түсі кезектесіп келетін дөңгелек құйын тәрізді розетка орналасқан. Осы розетканың екі жағында мынадай мотивтер бар: негізгі зооморфтық элемент — қошқар мүйіз, оның ұшынан үш жапырақ пен қызғалдақ бүршіктерінен тұратын өсімдік өрнегі өрбиді.Композицияны өсімдік мотивіне ұқсас қошқар мүйіз элементтері аяқтайды. Түстік шешіміне келетін болсақ, фонның сары түсі шөптесін жасыл түспен үйлесіп, қозғалыс энергиясын тудырса, оған қарама-қайшы қызғылт түс үйлесімді гамма қалыптастырады. Кебеженің бұрыштары мен ортасында күмбезді гүл розеткалары орналасқан. Сүйекпен инкрустацияланған кебежелерде кілем тоқу схемасы қолданылған: жиектеме және орталық алаң. Орталық алаңда жартылай шеңберлі рейкалар арқылы шаршылар бөлініп, олардың ішіне сүйек пластиналар орнатылған. Шаршылардың ортасына дөңгелек басты шегелермен бекітілген гүл розеткалары қойылған. Рейкалар өзара қарама-қайшы қызғылт және жасыл түстермен ерекшеленген. Беті толығымен оюлы сүйекпен қапталған бұйымдар ең құнды жиһаз саналған.