Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Шолпы

Шолпы. Шаш әшекейі. Семей облысы. Күміс, теңгелер, ақық (сердолик), зернь, филигрань. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Шолпы — бұрымға тағылатын салпыншақты әшекей
(XX ғасыр, Семей өңірі, Шығыс Қазақстан)

Шолпы – бұрымға өріліп тағылатын дәстүрлі шаш әшекейі. Ол сәндік қызметпен қатар қорғаныштық-ырымдық мәнге ие болған. Бұл бұйым салпыншақтарының күрделі жүйесімен және теңге тәрізді элементтердің мол қолданылуымен ерекшеленеді.

Бұйымның құрылымы бірізді жалғасқан сәндік пластиналардан құралған орталық тік композициядан тұрады. Пластиналар ақық (сердолик) тастарымен безендірілген. Жоғарғы бөлігінде шашқа бекітуге арналған арнайы ілгек орналасқан. Орталық осьтен екі жаққа шынжырлы тармақтар таралып, оларға теңге тәрізді салпыншақтар бекітілген. Төменгі бөлігі ірі дөңгелек диск пішінді сәндік элементпен аяқталады. Құрылымның барлық бөлшектері топсалы байланыспен жалғанғандықтан, еркін қозғалып тұрады.

Композициялық шешімі вертикаль-осьтік қағидаға негізделіп, айқын көпқабатты құрылымымен ерекшеленеді. Композицияның негізгі желісін бірінен кейін бірі орналасқан ақық қондырмалы пластиналар құрайды. Олар көркемдік екпін қызметін атқарады. Бүйірлік салпыншақтар бұйым пішінін кеңейтіп, ырғақты және тармақталған күрделі құрылым қалыптастырады.

Өрнектік жүйесі тегіс тас беттерінің нәзік ажурлы филигрань өрнектерімен үйлесуі арқылы ерекшеленеді. Металл пластиналар бедерлі жиекпен және тісті контурлармен көмкеріліп, тас қондырмалардың пішінін айқындай түседі. Ақық тастары күміс негізбен контраст түзетін қанық түстік екпін қалыптастырады. Теңге тәрізді элементтер сәндік әрі символдық қызмет атқарып, иесінің әлеуметтік мәртебесін білдірумен қатар, бұйымның қозғалыс әсерін күшейтеді.

Қозғалмалы бөлшектер қозғалыс кезінде ерекше серпін туғызып, өзіне тән сыңғырлаған дыбыстық әсер береді. Бұл әшекей Шығыс Қазақстан өңіріне тән күрделі композициялық құрылымды, көпқабатты сәндік жүйені және символдық мазмұнға бай көркемдік шешімді айқын көрсетеді.