Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Қапсырма

Қапсырма. XX ғасыр. Солтүстік Қазақстан. Күміс, нақыштау, бедерлеу, қаралау, штамптау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Қапсырма — белдік бекіткіші

Бұл бұйым белдік пен киімнің бөліктерін бекітуге арналған сәндік-қолданбалы әшекейлер қатарына жатады. Ол тұрмыстық қызметпен қатар айқын сәндік және мәртебелік мән атқарған. Құрылымы орталық құлыптау механизмі арқылы өзара жалғасатын екі симметриялы бөліктен тұрады.

Композициялық шешімі айналық симметрия қағидасына негізделген. Қапсырманың әр бөлігі жұмсақ иілген жиектері бар күрделі пішінде орындалып, жабық күйінде тұтас сәндік силуэт қалыптастырады. Орталық құлыптау бөлігі бедерлі жұлдыз тәрізді өрнекпен безендірілген жарты шар пішінді элемент арқылы ерекшеленген. Бұл бөлік композицияның әрі көркемдік, әрі функционалдық орталығы қызметін атқарады.

Өрнектік жүйесі өсімдік тектес мотивтерге негізделген. Стильдендірілген өркендер, жапырақтар және гүл пішінді элементтер өзара үйлесіп, серпінді әрі тепе-тең композиция түзеді. Қаралау (чернь) тәсілінің қолданылуы өрнек пен фон арасындағы контрастты күшейтіп, композицияға графикалық айқындық пен тереңдік береді.

Технологиялық тұрғыдан бұйым бірнеше металл өңдеу тәсілдерінің үйлесуімен жасалған. Бедерлеу (чеканка) мен қалыптау (штамптау) көлемді рельеф қалыптастыру үшін қолданылса, нақыштау (гравировка) өрнек бөлшектерін нақтылайды. Қаралау тәсілі өрнек сызықтарын айқындап, олардың көркемдік әсерін күшейтеді.

Жалпы алғанда, бұл қапсырма Солтүстік Қазақстан зергерлік өнеріне тән көркемдік дәстүрлерді көрсетеді. Оның құрылымында функционалдық міндет пен сәндік шешім өзара үйлесім тауып, симметрия мен өрнек бұйымның негізгі көркемдік мәнерлеу құралдары ретінде көрініс тапқан.