Тұсалаша, ХХ ғ. екінші жартысы
ХХ ғасырдың екінші жартысы. Түркістан облысы. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы
«Қазақтың дәстүрлі түсалашасының бұл бірегей үлгісі ақ, қара, сары, көк, қызыл, жасыл және қоңыр түсті жіптерден тоқылған, өзара біріктіріліп тігілген он үш жолақтан тұрады. Бұйым ою-өрнектің айқын графикалық бейнесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін күрделі «терме» техникасымен жасалған.Композициялық құрылымы «қос мүйіз», «толқын», «ирек», «шынжара», «өркеш», «бес таңба» өрнектерімен безендірілген жолақтардың ырғақты алмасуына негізделген. Дәстүрлі қазақ ою-өрнек жүйесінде бұл мотивтердің әрқайсысының орнықты мағынасы бар: «қос мүйіз» — күш-қуаттың, молшылық пен бақ-берекенің символы ретінде танылатын ең көне зооморфтық белгілердің бірі; «толқын» мен «ирек» (толқын тәріздес элементтер) — судың, қозғалыстың және тіршілік ағынының бейнесі; «шынжара» — ұрпақ сабақтастығы мен әулет үздіксіздігінің нышаны; «өркеш» — дәулеттің, тұрақтылықтың және далалық болмыстың белгісі; ал «бес таңба» — көбінесе рулық таңба немесе қорғаныш (тұмар) символы ретінде түсіндірілетін нақыш.Аталған түсалашаның ою-өрнек композициясы Андронов мәдениетіне тән көне жәдігерлердегі — қыш бұйымдардағы нақыштармен астарласып жатқандай. Геометриялық пішін, айқын ырғақ және сызықтық мотивтердің басымдығы тамыры қола дәуірінен бастау алатын көркемдік дәстүрлердің сабақтастығын паш етеді.Осылайша, бұл бұйым үй ішінің сәндік бұйымы ғана емес, дала өркениетінің ежелгі дүниетанымдық түсініктері мен көркемдік қағидалары хатталған өзіндік мәдени «жәдігер-мәтін» болып табылады».