Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Атжабу, 1930

1930 жыл. Алматы облысы.Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі коллекциясы.

«Атжабу — қазақ мәдениетіндегі ат әбзелдерінің ең көне түрлерінің бірі. Көшпелі қоғамда жылқы тек көлік қана емес, сонымен бірге әлеуметтік мәртебенің, жауынгерлік айбын мен еркіндіктің нышаны болған. Сондықтан ат жабдықтарының сәндік безендірілуіне ерекше көңіл бөлінген. Атжабу практикалық қызмет атқарған — аттың сауыры мен бүйірін суықтан, шаң-тозаңнан және ер-тоқымның қажауынан қорғаған. Сонымен қатар, оның айқын көркемдік мәні де болды: атжабулар киізден немесе матадан жасалып, кестемен, құрақпен (аппликация), түкті немесе түксіз тоқу әдісімен безендіріліп, шашақтармен көмкерілген.Бұл жәдігер терме техникасымен орындалған. Негізгі оюы — тұмарша, ал жиектеріне шебер алақұрт өрнегі салынған бау (ызылған таспа) орналастырған».