Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Орамалдың фрагменті ХХ ғ.

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. 71-тк. ХХ ғасырдың І жартысы. Талдықорған облысы. Халық шебері Билялова Мария. Жібек, жылтыр әшекейлер (блёстки), түрлі-түсті жіптер, тамбур тігісі.

Ұсынылған бұйым – сүлгі (орамал) фрагменті. Бұйым ашық түсті матадан жасалып, түрлі-түсті жіптермен орындалған бай кестемен безендірілген. Төменгі жиегі фигуралы, ирек жиек тәрізді пішінде беріліп, бұйымға айрықша сәндік сипат қосады.Композиция көлденең бөлу және симметрия қағидасы негізінде құрылған. Сүлгінің негізгі бөлігі ортасында жұлдыз тәрізді медальон орналасқан өрнектік композициямен толтырылған. Осы орталық элементтен симметриялы түрде өсімдік тектес мотивтер таралып, үйлесімді әрі теңгерімді өрнектік құрылым қалыптастырады.Бұйымның төменгі бөлігі ирек жиекпен көмкерілген жеке сәндік белдеуден тұрады. Әрбір ирек жиек ішінде стильдендірілген өсімдік элементтері орналасып, олар ырғақты түрде қайталанып отырады. Өрнектік элементтер көптеген ұсақ нүктелі сәндік бөлшектермен үйлесіп, композицияның ырғақтылығын күшейтіп, беткі қабатқа бай текстуралық әсер береді. Түстік гаммасы жұмсақ полихромды сипатымен ерекшеленеді.