Табақ
Б. Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейі (Қостанай облысы).
Дәстүрлі қазақ ағаш ыдыстарының тобына қой етін салуға арналған астау-табақтар да жатады. Табақ — тік немесе көлбеу жиекті, ернеуі кең және түбі тегіс келетін дөңгелек ыдыс. Кейде олар өте үлкен көлемде жасалған. Е.А. Масанов өзінің зерттеуінде тұтас бір қойдың еті сиып кететін табақтарды атап өткен (Масанов, 47-б.). Бұл ыдыстар көбінесе жону (токарлық) тәсілімен дайындалған; оның қолмен жасалу барысын Е.А. Масанов егжей-тегжейлі сипаттап жазған (Масанов, 48-б.). Сондықтан табақтың басты көркемдік құндылығы — оның диаметрі, ернеуінің кеңдігі мен тереңдігінің өзара үйлесімді пропорциясында. Табақ жасау үшін тек жақсы кептірілген және қайнатылған тұтас қайың немесе емен ағашы пайдаланылған. Табақтар көлеміне, атауына және атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан қонақ күту немесе отбасы мүшелеріне ас ұсыну дәстүрлеріне, сондай-ақ мал етінің мүшеленуіне сәйкес қолданылған. Бұл жоралғы халық арасында «табақ тарту» деп аталады.