Сандық
XIX ғ. соңы – XX ғ. басы. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры.
Сандық — тұрмыстық қажеттілікке немесе келін түсіру жоралғысына (қыз жасауына) арналған, беті ашылып-жабылатын тікбұрышты жәшік пішіндес бұйым. Сандық жасауға негізінен емен, қайың және тал ағаштары пайдаланылған. Аяғы жоқ сандықтар арнайы тұғырларға (жүкаяққа) қойылып, сыртынан өрнекті жапқыштармен жабылатын. Келін түсіргенде берілетін жасау сандықтары көлемі жағынан шағын, жан-жағы түгел өрнектелген және бұрыштары мұнарашалармен әшекейленген. Зерттеушілер (Л. Түлбасиева) бұл мұнарашалардың мағынасын киелі желі (желі басы), рудың нышаны, отбасы мен ошақтың символы ретінде түсіндіреді. Сандық — әулеттің дәулеті мен әлеуметтік мәртебесінің маңызды белгісі. Киіз үйдің ең сыйлы орны — төріне сандықтарды қатарлап немесе бірінің үстіне бірін қойып тізген. Сандықтардың үстіне төсек-орын жиналып, жанына ағаш кереует — төсекағаш қойылған. Шеберлер сандықтарды безендіруде сан түрлі әдістерді: бедерлі оюды, бояумен өрнектеуді, сүйек пен асыл тастарды пайдаланған. Егер шебер ажурлы сүйек пластиналарды қолданса, ақ сүйектің түсі айқын көрінуі үшін оның астына қызыл немесе қара түсті шұға төсейтін болған.Сандықтар көлеміне қарай әртүрлі болып келеді: биіктігі 30 см-лік шағын түрлерінен бастап, бір жарым метрлік үлкен сандықтарға дейін кездеседі. Олар атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінген, шай сандық — шай мен тәтті-пәтті сақталатын, сәнді безендірілген кішігірім сандық; Мата сандық — киім-кешек пен маталар сақталатын орын; Жүк сандық — ішіне көрпе-жастық пен киіз бұйымдары жиналатын үлкен сандық.