Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Үкіаяқ

Үкіаяқ. XIX ғасыр. Қостанай облысы. Күміс, үкі тырнағы, ақық (сердолик), маржан, шыны, теңгелер, зернь, ширату. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Үкіаяқ, зооморфтық элементтері бар тұмар-салпыншақ (XIX ғасыр, Қостанай өңірі)

Үкіаяқ – күрделі құрамды мойын-кеуде әшекейлерінің қатарына жататын тұмарлық салпыншақ. Ол сәндік қызметпен қатар дәстүрлі мәдениеттегі қорғаныштық наным-сенімдермен байланысты айқын сакралды мәнге ие болған.

Бұйымның құрылымы жоғарғы бөліктегі шынжырлы ілгіштен басталады. Одан екі жаққа дөңгелек пішінді салпыншақтармен толықтырылған тармақталған элементтер тарайды. Композицияның орталық бөлігі тас қондырмасы мен сәндік қаптырмалары бар көлемді элемент арқылы ерекшеленген. Төменгі аймақта металл қаптамаға бекітілген үкінің тырнақтарымен толықтырылған негізгі көлденең элемент орналасқан. Бұдан төмен шынжырлардан, шар тәрізді бөлшектерден, маржан қондырмаларынан және теңге тәрізді салпыншақтардан құралған күрделі сәндік жүйе жалғасады. Құрылымның барлық бөліктері қозғалмалы түрде жалғанғандықтан, бұйым серпінді әрі динамикалық сипатқа ие.

Композициялық шешімі осьтік қағидаға негізделіп, көпқабатты құрылымымен ерекшеленеді. Жоғарғы бөлік іліну нүктесін құраса, ортаңғы аймақ композицияның негізгі өзегі қызметін атқарады. Ал төменгі бөлігі сәндік элементтердің белсенді дамыған кеңістігі ретінде көрінеді. Үкі тырнақтары бекітілген көлденең элемент композицияның визуалдық тірегі болып, одан төмен қарай ырғақты ұйымдастырылған салпыншақтар жүйесі таралады.

Өрнектік жүйесі геометриялық, өсімдік тектес және зооморфтық мотивтердің үйлесіміне негізделген. Тас пен шыныдан жасалған қондырмалар композицияға айқын түстік реңк берсе, бүршіктеу (зернь) тәсілімен орындалған сәндік элементтер контурларды айқындап, бұйым бетінің фактуралық байлығын күшейтеді. Әсіресе үкі тырнақтары ерекше маңызға ие. Халықтық түсінік бойынша олар жаман күштерден қорғайтын қуатты тұмар ретінде қабылданып, қорғаныштық семантиканы білдіреді.

Салпыншақ элементтер қозғалыс кезінде белсенді тербеліп, өзіне тән сыңғырлаған дыбыстық әсер туғызады. Бұл әшекей зергерлік өнер мен магиялық-ғұрыптық тәжірибенің өзара сабақтастығын көрсететін көрнекті үлгілердің бірі болып табылады. Оның күрделі сәндік құрылымы мен қорғаныштық қызметі дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі әшекей бұйымдарының көпқырлы мәнін айқын бейнелейді.