«Қоңыз-скарабей», 2011
Молдақұл Нарымбетов • Арт-объект. Авторлық техника. Ескі автомобиль шиналары. «Тастар бағы», Пермь
Молдақұл Нарымбетовтің (1948–2012) арт-объектісі 2011 жылы Ресейдің Пермь қаласында жасалған. Суретші бұл туындыны PERMM Заманауи өнер музейінің қоғамдық өнер (public art) бағдарламасы аясында мүсіндік жоба ретінде орындаған.Суретшінің өз естеліктеріне сүйенсек, арт-объектінің идеясы оған қазақ даласының табиғатынан туған. Бір күні ол өзінен әлдеқайда үлкен домалақ шарды алдына қарай домалатып бара жатқан кішкентай қоңызды көріп, оның бейнесін еңбек адамының символымен байланыстырған. Осы бақылау кейін шығарманың негізгі көркемдік тұжырымдамасына айналды.Шығармада ежелгі Мысыр өркениетінде ерекше қастерленген қоңыз-скарабейдің мифологиялық бейнесі жаңаша пайымдалады. Ежелгі мысырлықтар скарабейді ұрпағына деген қамқорлығы үшін қасиетті жәндік санаған. Ол жұмыртқалары орналасқан шарды домалату арқылы болашақ ұрпағының дүниеге келуіне жағдай жасайды деп есептелген. Сонымен қатар скарабей күннің символы ретінде қабылданып, бүкіл тіршілікке жарық пен жылу сыйлайтын өмір бастауының белгісі болған.Молдақұл Нарымбетов өз сұхбаттарының бірінде скарабей бейнесінің адамзаттың ең көне өркениеттерінен бері ортақ әрі түсінікті символға айналғанын атап өтеді. Ал өзінің шығармасында ол бұл образды бүгінгі өнердің символы ретінде қарастырады. Суретшінің пікірінше, қазіргі заманғы өнер мүлде жаңа құндылықтарды жасаудан гөрі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны қайта пайымдап, жаңа мазмұнда жаңғыртады.Сонымен қатар бұл туындыда автордың шығармашылық әдісіне тән маңызды ерекшелік көрініс тапқан. Молдақұл Нарымбетов көптеген арт-объектілерінде ескі автомобиль шиналарын көркем материал ретінде пайдаланған. Мұндай тәсіл қазіргі өнердегі апсайклинг (upcycling) қағидатына негізделеді. Яғни, қолданылған материалдар мен бұйымдарды қайта өңдеп, оларға жаңа қызметтік әрі көркемдік-эстетикалық құндылық беру арқылы жаңа өнер туындысын жасау көзделеді.
Дереккөз: https://avatars.mds.yandex.net/i?id=ce1c079cf55662961d31979d04538cb0_l-8236365-images-thumbs&ref=rim&n=13&w=1200&h=900