Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Уақыт пен кеңістік, 2022 ж. Кенеп, акрил. Суретшінің жеке мұрағатынан.

Кабоке Оралбек

«Уақыт пен кеңістік» картинасы дәстүрлі символдардың бірін-бірі алмастырып отыратын мәдени-өркениеттік дәуірлер жағдайындағы тұрақтылығы мәселесін, уақыт пен кеңістік парадоксы тұрғысынан концептуалды түрде пайымдайды. Композициядағы салт аттының бейнесі силуэттік сипатта берілген. Оның тұлғасының сұлбасынан көгілдір аспан аясындағы тау шыңдары көрініп тұрады. Осы «арғы жаққа бағытталған көзқарас» көркемдік тәсілі кеңістіктің динамикасын күшейтіп, көрерменге өзге бір уақыт пен кеңістік өлшеміне өтудің визуалды әсерін туғызады.Салт атты бейнесінен өзгеше, жылқы фигурасы шынайылыққа жақын мәнерде егжей-тегжейлі бейнеленген. Оның жанары тікелей көрерменге бағытталған, бұл композицияның эмоционалдық әсерін арттырып, бейнемен рухани байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жылқы мұнда көшпелі мәдениеттің өміршеңдігі мен тұрақтылығының символы ретінде көрінеді.Қараңғы фонда орналасқан электрондық схема жаңа ақпараттық кеңістіктің белгісі ретінде ұсынылған. Ол жоғалған мағыналардың күрделі лабиринтін бейнелеп, заманауи өркениеттің рухани қайшылықтарын меңзейді. Осы тұрғыдан алғанда, шығармадағы көркемдік тіл метафоралық мәтін сипатында қабылданады.Картинадағы тұтас көркемдік құрылым көшпелі әлем символының шынайылығын қазіргі заманның шартты түрде берілген электрондық схемалар әлемімен салыстыруға негізделген. Егер көшпелі дүниенің белгісі нақты әрі өмірлік мәнге ие болса, заманауи ақпараттық кеңістік адамдық мағынадан алыстаған, күрделі таңбалар жүйесі арқылы көрініс табады. Осылайша туынды дәстүрлі мәдени құндылықтар мен қазіргі технократиялық өркениет арасындағы қарым-қатынасты философиялық тұрғыдан зерделеп, уақыт пен кеңістіктің өзгермелі табиғаты туралы ой қозғайды.