Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Ботамойын ою-өрнекті кілем XIX ғ.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Қызылорда облысы. Жүн жіп, түкті тоқу әдісі. КП 23373. (Каталог, 122).

Бұл кілемнің иконографиясы өте сирек кездеседі, оның орталық алаңы толығымен ботамойын өрнегімен безендірілген. Кілемнің жиегі (бордюрі) «қармақшасы» бар ирек (меандр) өрнектерімен көмкерілген. Өрнектердің орналасуы түзу торкөзді орнаментті құрайды. Мұндай торкөзді композиция құрылымдық реттілік әсерін береді. Мамандардың пікірінше, орталық медальон айқын бөлінбей, бүкіл бетінің осылайша жаппай өрнектелуі архаикалық (көне) дәстүрді аңғартады.Ботамойын өрнегі — созылыңқы, иілген, тамшы тәріздес мотив болып табылады. Ол әлемге кеңінен танымал «бұта» (немесе «пейсли») мотивімен төркіндес, алайда Орталық Азия дәстүрінде өзіндік стилизациясы мен семантикасына ие.