Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Орамал, 1960

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. 53-тк. 1960 жылдар. Талдықорған облысы. Халық шебері Қожабаева Байсын. Мақта, атлас, шілтер, түрлі-түсті жіптер, тамбур тігісі.

Бұйымның негізін XIX–XX ғасырлардағы тұрмыстық тоқымаға тән ақ түсті мақта-мата құрайды. Сәндік бөлігі тамбурлы кесте техникасында орындалған, мұнда ою-өрнек тізбекті тігістер арқылы қалыптасып, жұмсақ контурлық сызықтар мен өрнектің тығыз толтырылуын қамтамасыз етеді.Композиция симметриялы түрде құрылған: кестеленген өрнекті паннолар орамалдың екі шетінде орналасып, бір-бірін қайталай отырып, тепе-тең сәндік құрылым түзеді. Төменгі бөлігі толқынды бордюрмен көмкерілген, ол ырғақты сызық жасап, композицияны көркемдік тұрғыда аяқтайды. Өрнекте гүлдік мотивтер негізгі орын алады. Олар стильдендірілген розеткалар мен бүршік жарып тұрған гүлдер түрінде беріліп, иірілген өсімдік сабақтарымен, жапырақтармен және шиыршық өрнектермен қоршалған. Гүл символикасы дәстүрлі түрде өміршеңдік, сұлулық, береке мен молшылық ұғымдарымен байланыстырылады.Колористік шешім ақ мата фонында қызыл, қызғылт, жасыл және охра түстерінің жарқын үйлесіміне негізделген. Контрастты түстік гамма кестенің сәндік әсерін күшейтіп, композицияның өрнектік құрылымын айқын көрсетеді.