Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Келi-келсап

XIX ғасыр. Бұқар жырау аудандық тарихи-өлкетану музейі.

Келі келсап – дәнді дақылдарды түйіп, жармаға айналдыруға арналған ағаш құралдар. Шеберлер келіні кептірілген қатты ағаш діңдерінен (емен немесе қайың) ішін ойып жасаған, содан кейін беті тегіс болу үшін ішкі жағын отпен қаритын болған. Әдетте, жұмыс кезінде ағаш шытынап кетпеуі үшін оны тандыр пешінде қыздырып, қойдың құйрық майымен немесе түйенің өркеш майымен майлаған.Келінің беріктігін арттыру үшін оның сыртын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайтын немесе темір құрсаумен құрсайтын. Келінің өлшемдері әртүрлі болып келеді: кішігірім түрлерімен қатар өте үлкендері де кездеседі. Орташа биіктігі – 70–80 см, диаметрі – 30 см шамасында. Келінің ықшамдалған пішіні аяқ (рюмка) бейнесіне ұқсайды: келінің кең ернеуі төмен қарай біртіндеп тарылып, түбіне келгенде қайта кеңейіп, орнықты табан құрайды.Келсап ұзындығы 1 метрге жуық, түйетін табаны 15 см болатын тұтас ағаштан жасалған. Дән түю сияқты ауыр жұмыс кезінде үй иесіне екі қолмен ұстауға ыңғайлы болуы үшін, келсаптың сап жағынан тікбұрышты ойықтар қашалып жасалатын.