Төсекағаш
Төсек. Ағаш, сүйек, металл, оймыштап кесу, инкрустация (бедерлеп қондыру). Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі. • Жастықағаш. Төсекжастық (бас қойғыш). Оймыштап кесу.
Төсекағаш – қазақтың халықтық өнерін зерттеушілердің назарын өзінің құрылымдық және ою-өрнектік шешімдерінің алуан түрлілігімен аударған ағаш кереует. Мұражай қорлары мен әулеттік жәдігерлер арасында темір шеге қолданылмай жасалған, жиналып алынатын кереуеттер жиі кездеседі. Е.А. Масановтың ХХ ғасырдың ортасындағы экспедиция нәтижелері бойынша кереуеттердің үш негізгі түрін атап көрсеткен: 1) Төрт аяқты, екі басы аласа келген кереует; 2) Алты немесе сегіз аяқты, екі басы аласа кереует; 3) Төрт аяқты, бір басы ғана аласа келген кереует (кушетка типіндегі) (Масанов 40).
Киіз үй жиһаздарының өзге түрлері сияқты, төсекағаштың да тек беткі (алдыңғы) жағы ғана әшекейленген. Материалдар мен безендіру тәсілдері шебердің шығармашылық қиялына байланысты болды: оюдың сан түрі, бояумен өрнектеу, сүйекпен инкрустациялау, сондай-ақ ағаш бөлшектердің үстіне гравюраланған немесе құйылған күміс пластиналарды жапсыру әдістері қолданылған. Ою-өрнек элементтері мен мотивтерінің (құйын тәрізді розеткалар, шұғыла, шаршы т.б.) орналасуы ленталық раппортты, торлы құрылымды немесе ортасында үлкен медальоны бар кілем схемасын құрайды. Төсекағаштың орталық алаңындағы тікбұрышты пішіндерде ағаш ою мен металл пластиналар кезектесіп отырады, ал жиектемесінде орталықтағы бейнелердің кішірейтілген нұсқалары шахматтық тәртіппен қайталанады. Кереуеттің көлбеу келген бүйірлері мен аяқтары да осы стильде шешілген. Киіз үйде отағасы мен отанасының төсегі кіреберістің оң жағына қойылып, арнайы кестеленген шымылдықпен қалқаланған.