Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Үш белгі», 2016

Сержан Баширов • Ассамбляж. Ағаш, жез. 20 × 45 см

Сержан Башировтың «Үш белгі» (2016) атты ассамбляжында үш реңктелген тақтайдан құрастырылған ұзынша тікбұрышты композиция аясында адамның іс-әрекетінің символдық «іздері» бейнеленген. Композицияның жоғарғы бөлігінде жартылай жонылған ағаш бұтағы орналасқан. Ол адамның табиғатпен өзара әрекеттесуінің және оны игеруінің көркемдік белгісі ретінде қабылданады.Төменгі бөлігінде ұштары ақ түске боялған жалпақ тақтай берілген. Оның ортасындағы ұзынша күйдірілген ойықтардың фактурасы арқылы ерекшеленген жолақ өмір өзенін меңзейтін символдық образ ретінде түсіндіріледі. Композицияда тік және көлбеу орналастырылған әртүрлі ағаш бөренелер де кездеседі. Олар адамның өмір жолындағы әр кезеңнің шекарасын немесе өмір сатыларын бейнелейтіндей әсер қалдырады.Олардың арасында гравюраланған өрнекпен безендірілген үш дөңгелек жез медальон орналасқан. Осындай көлемдері әртүрлі үштік топтар түрінде ұйымдастырылған дөңгелек пішіндер ассамбляждың әр бөлігінде қайталанып отырады. Бұл бейнелер көне күн (солярлық) таңбасының символикасын және үш санының семантикасын меңзейді. К. Юнгтің архетиптер теориясында үш саны әлемнің үйлесімі мен тұтастығын білдіретін маңызды архетиптердің бірі ретінде қарастырылады.Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында да үштік тұрақты ұғымдардың терең метафоралық мәні бар. Олар ет-жан – тәннің жаны, шыбын-жан – адамның өмірі мен жаны, рух-жан – рухани бастау ұғымдарымен байланыстырылады. Сонымен қатар түстер символикасы да маңызды орын алады, ақ – қасиеттілік пен тазалықтың, сары – күннің, ал көк – аспан мен Тәңір мекенінің белгісі ретінде қабылданады.Сержан Баширов қоршаған әлемнің бейнелерін шынайы қалпында қайталауға ұмтылмайды. Керісінше, ол ассоциативті ойлау эстетикасына сүйене отырып, заттардың таңбалық баламаларын пайдаланады. Арт-объектінің композициялық құрылымында халықтық зергерлік өнерден бастау алатын көркемдік тәсілдерді қолдану арқылы суретші дәстүр мен заманауи өнердің арасындағы сабақтастықты жаңа қырынан ашады.

Сурет: Серікжан Ысқақбек

Дереккөз: С. Башировтың жеке мұрағатынан