Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Майлық XIX ғ.

ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қоры. XIX ғасыр. 1984 жылы Қаимбаев А-дан сыйға түскен.

Салфетканың жиектері бедерлі (набивной) сатинмен көмкерілген, ол айқын сәндік рамка қалыптастырып, бұйымның композициялық шекарасын нақтылап көрсетеді.Орталық алаң ірі дөңгелек розеткамен безендірілген, ол бұйымның композициялық орталығы болып табылады. Розетка стильдендірілген гүл мотиві түрінде орындалған, оның айналасына бүкіл өрнектік жүйе құрылымданады. Бұрыштық бөліктерде төрт кіші розеткалық композиция орналасып, орталық элементті үйлесімді түрде теңестіріп, тұтас сәндік құрылым қалыптастырады.Стильдендірілген гүл пішіндері геометрияланған элементтермен ұштасып, ырғақты әрі үйлесімді композиция түзеді. Өрнек түрлі-түсті жіптермен орындалып, бұйымға айқын сәндік әсер береді.Жалпы алғанда, салфетка дәстүрлі тоқыма декорының негізгі ерекшеліктерін көрсетеді: композициялық симметрия, мотивтердің ырғақты қайталануы және түс пен өрнектің үйлесімді байланысы.