Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Ыдыс. X–XII ғасырлар. Тараз

X–XII ғғ. Тараз.Фото М. Тё

Ортағасырлық керамикалық ыдыстарда Құран аяттары мен игі тілек білдіретін сөздер көбіне тұтас оюлы белдеулер немесе созылыңқы әрі стильдендірілген әріптерден құралған тікбұрышты композициялар түрінде орналастырылған. Мұндай безендіру ислам каллиграфиясы дәстүрімен тығыз байланысты, өйткені бұл өнерде жазу тек ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, сонымен бірге көркемдік-сәндік қызмет те атқарған. Мәтін бұйымның жалпы ою-өрнектік жүйесіне табиғи түрде еніп, көбіне ыдыс композициясының құрылымына бағындырылып отырған.Халықтық түсінік бойынша, осындай жазулары бар ыдыстар адамға игі әсер етіп, қорғаныштық қасиет береді деп сенілген. Олар иесін жамандықтан сақтап, береке мен амандық әкеледі деген наным кең таралған.Мұндай жазулар әсіресе сырлы керамикада кеңінен кездеседі. Себебі глазурьмен көмкерілген тегіс бет пен глазурь астылық бояудың айқын контрастылығы каллиграфиялық өрнектің анықтығы мен көркемдігін күшейтіп, оның әрі эстетикалық, әрі символдық мәнін тереңдете түскен.