Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Жүзік

Жүзік. XX ғасыр. Шығыс Қазақстан. Күміс, бедерлеу, қаралау, нақыштау. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Жүзік, Өсімдік-шиыршық (спираль) өрнекті, бедерлі бетті жүзік

Бұл жүзік күнделікті сәндік сипаттағы дәстүрлі әшекейлер қатарына жатады. Бұйымның көркемдік мәнерлілігі тас қондырмаларды қолдану арқылы емес, бедердің пластикасы мен өрнектік композицияның үйлесімі арқылы жүзеге асқан.

Бұйымның құрылымы жоғарғы бөлігінде біртіндеп кеңейетін тұтас сақинадан (шинкадан) басталып, созылыңқы сопақша-үшбұрыш пішінді қалқаншаға ұласады. Қалқанша негізгі бөліктен сәл көтеріңкі орналасқан және оның жиегі ырғақты ойықтармен безендірілген тұйық сәндік жиекпен қоршалған.

Композициялық шешімі орталық-осьтік қағидаға негізделген және жоғарғы мен төменгі бөліктердің айқын бөлінуімен ерекшеленеді. Қалқаншаның орталық өрісі бедерлі өрнекпен толтырылған. Мұнда симметриялы орналасқан қос спираль тәрізді элементтер негізгі көркемдік екпінді құрайды. Жоғарғы бөлігінде өркендері тарамдалған стильдендірілген өсімдік тектес мотив орналасып, композицияға тік бағытталған серпін береді.

Өрнектік жүйесі өсімдік және зооморфтық-спираль тәрізді мотивтердің үйлесуіне негізделген. Оның көркемдік негізі дәстүрлі «қошқар мүйіз» өрнегінің стильдендірілген нұсқаларымен сабақтасып жатыр. Бедерлі өрнек бедерлеу (чеканка) тәсілімен орындалып, кейін ойық бөліктері қаралау әдісімен өңделген. Бұл тәсіл өрнектің графикалық айқындылығын күшейтіп, оның құрылымын анық көрсетеді. Ашық түсті металл беті мен күңгірттендірілген сызықтардың қарама-қарсылығы әсерлі көркемдік шешім қалыптастырып, бұйымның сәндік тартымдылығын арттырады.

Жалпы алғанда, бұл жүзік Шығыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән ықшам құрылым мен дамыған өрнектік пластиканың үйлесімін көрсетеді. Оның көркемдік ерекшелігі ырғаққа, симметрияға және бедерлі өрнектің мәнерлілігіне негізделіп, дәстүрлі қазақ әшекей өнерінің эстетикалық қағидаларын айқын бейнелейді.