«Evermust» («Бәріне міндетті»), 2017
Зоя Фалькова • Арт-объект. Жасанды былғары, толтырғыш, бояу. 5 × 45 × 40 см. «Bad Jokes» көрмесі, Астана. Кураторы – Валерия Ибраева
Зоя Фалькованыӊ «Evermust» («Бәріне міндетті») атты арт-объектісі әйел тұлғасының дене пішінінде жасалған бокс қолғабын (грушасын) бейнелейді және сыртқы пішіні жағынан Everlast компаниясының классикалық спорттық бокс грушасына еліктейді. Суретшінің бұл жобасы әлеуметтік мүсін жанрында орындалған және Алматы, Берлин, Дюссельдорф, Астана, Бішкек қалаларындағы көрмелерде ұсынылған.Шығарманың негізгі идеясы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған гендерлік теңдік қағидаларына назар аударып, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мәселесін қоғамдық талқыға шығару. Арт-объектінің атауы – «Evermust» («Бәріне міндетті») – әйелге қоғам жүктейтін міндеттер мен стереотиптік талаптарды астарлы түрде бейнелейді.Көрермен нысанды спорттық құрал ретінде пайдаланып көруге әрекеттенгенде, ол кәдімгі қатты бокс грушасындай емес, керісінше жұмсақ әрі әлсіз ретінде көрсетеді. Осылайша суретші көрерменге «Әйел денесі соққыға арналған бокс грушасы болуға тиіс пе?» деген ой тастайды. Тактильдік әсер арқылы берілген бұл көркемдік шешім қоғамдағы маскулиндік және фемининдік мінез-құлық үлгілерімен байланысты қалыптасқан гендерлік стереотиптерді сын тұрғысынан пайымдайды.2019 жылы Бішкектегі Т. Айтиев атындағы Ұлттық бейнелеу өнері музейінде өткен Feminnale – феминистік өнердің алғашқы биенналесінде бұл арт-объект әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне арналған экспозиция құрамында көрсетілді. Алайда басқа да бірқатар авторлардың еңбектерімен бірге туынды цензураға ұшырап, көрмеден алынып тасталды. Бұл жағдай халықаралық мәдени қауымдастықта кеңінен талқыланып, сөз бостандығы мен көркем шығармашылық еркіндігі туралы пікірталасқа себеп болды.Қоғамдық резонанс нәтижесінде Зоя Фалькованың «Evermust» арт-объектісі Барселона қаласында коллекционер Тачо Беннет негізін қалаған Museu de l’Art Prohibit («Тыйым салынған өнер музейі») коллекциясына қабылданды. Осылайша шығарма заманауи өнердегі гендерлік теңсіздік, цензура және көркемдік еркіндік мәселелерін көтеретін маңызды әлеуметтік-көркем туындылардың бірі ретінде халықаралық деңгейде мойындалды.
Сурет: Батыр Әубәкіров
Дереккөз: https://forbes.kz/articles/rabota_kazahstanki_popala_v_kollektsiyu_muzeya_zapreschennogo_iskusstva_v_barselone