«Құрақ. Made in Kazakhstan». Гобелен. 2014 ж. Жүн, акрил, жібек, қолмен тоқу
Муканов Малик
Бұл шығарма дәстүрлі ою-өрнек пен штрих-код сияқты екі таңбалық жүйенің синтезіне негізделген. Соның нәтижесінде сәндік композиция жаппай тұтыну дәуіріндегі ұлттық бірегейлік туралы күрделі мәдени пайымдауға айналады.Шығарманың негізгі семиотикалық элементі – штрих-код. Ол тауар айналымының, стандарттаудың және жаһандық экономиканың әмбебап белгісі ретінде көрінеді. Қазіргі визуалды кеңістікте штрих-код кез келген нысанды нарықтық өнім, яғни сәйкестендіруге және коммерциялық айналымға арналған тауар ретінде белгілейді. Суретші осы таңбаға қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз оюын және отбасы жадымен, ұрпақтар сабақтастығымен, материалды ұқыпты пайдаланумен байланысты құрақ көрпе құрылымын қарсы қояды. Осылайша мәдени мұра мен қазіргі жаһандық жүйенің тетіктері арасында көркемдік диалог қалыптасады.«MADE IN KAZAKHSTAN» жазуы да ерекше мағыналық жүкке ие. Бұл контексте ол тауардың шыққан жерін көрсететін қарапайым таңбалау болудан қалып, мәдени бірегейліктің декларациясына және халықаралық кеңістікте ұлттық көркемдік кодты танытатын символға айналады.
Дереккөз: https://nomadmgz.kz