Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Қазақстан» орталық концерт залы. Ашық дереккөздерден.

«Қазақстан» орталық концерт залы (Астана, сәулетші Манфреди Николетти, 2009) – ашылып келе жатқан гүл пішінінде жобаланған биоморфтық сәулеттің ірі нысаны. Мұнда Қазақстанның ұлттық келбеті дала табиғатының метафорасы арқылы көрініс тапқан. Ғимараттың композициясы тәуелсіз мемлекеттің мәдени өркендеуі мен гүлденуінің символы ретіндегі «гүлдің қауыз жаруы» идеясын негізге алады және дала қызғалдағының бейнесімен астасады.Семиотикалық тұрғыдан ғимарат елорданың жаңғыруы мен мәдени келбетін білдіретін белгі ретінде қызмет атқарады. Ол Қазақстанның ашықтыққа, шығармашылық қуатқа және жаһандық мәдени кеңістікке кірігуге ұмтылысын бейнелей отырып, Астананың жаңа ұлттық бірегейліктің орталығы ретіндегі бейнесін орнықтырады. Биоморфтық пішін «тірі мәдениеттің» әмбебап символына айналып, сәулет статикалық нысан ретінде емес, үздіксіз даму үдерісі ретінде түсіндіріледі.Иконографиялық тұрғыдан негізгі көркемдік образдар ретінде гүл (өркендеу мен жаңарудың символы), дала желі (қозғалыс пен еркіндіктің метафорасы) және музыкалылық (сыртқы қабықтың пластикалық шешімі мен ішкі акустикалық ұйымдастырылуының арқасында ғимараттың «қатып қалған әуен» ретінде қабылдануы) көрініс табады. Осылайша, «Қазақстан» орталық концерт залы табиғи архетиптерді, музыкалық-мәдени ассоциацияларды және мемлекеттік жаңғыру идеясын біріктіріп, қазіргі Астанадағы биоморфтық сәулеттің ең көркем әрі әсерлі үлгілерінің бірін қалыптастырады.