Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Көктемнің тынысы, 2017 ж. Кенеп, майлы бояу. Дереккөз: суретшінің жеке мұрағаты

Қалмаханов Мадихан

Композицияның орталығында дәстүрлі көрпемен жабылған биіктеу жерде отырған жас әйелдің қырынан берілген бейнесі орналасқан. Картина фонының жарқын әрі алуан түсті шешімінен айырмашылығы, кейіпкердің тұлғасы ұстамды сұр реңктермен жазылған. Оның алдында кішкентай мысық отыр, бұл деталь туындыдағы жалғыздық пен тыныш күнделікті өмірдің әсерін күшейте түседі.Суретші кейіпкердің ішкі жан дүниесін, оның оңашалану күйін және қоршаған ортадан белгілі бір дәрежеде алыстауын бейнелеуге ұмтылған тәрізді. Бұл идея әйелдің сабырлы бейнесі мен динамикалық фон арасындағы контраст арқылы айқын көрінеді. Қанық түсті жолақтардың кезектесіп орналасуы ауа мен жарық қозғалысының әсерін туғызып, шығарманың эмоционалдық үнін күшейтеді. Сонымен қатар бұл шешім картинаның «Көктем тынысы» атауымен үндесіп, табиғаттың жаңаруы мен өмірдің серпінін сезіндіреді.Қоршаған кеңістіктің айқын әрі әсерлі болуына қарамастан, басты кейіпкер өз ішкі әлеміне терең бойлаған күйде бейнеленген. Оның тұйықталған қалпы сыртқы қозғалыс пен ішкі тыныштықтың арасындағы нәзік тепе-теңдікті көрсетеді.Стилистикалық тұрғыдан шығарма қазіргі қазақстандық реализм бағытына жатады және декоративизм элементтерімен толықтырылған. Реалистік бейнелеу тәсілі сәндік түстік шешімдермен ұштасып, туындының көркемдік әсерін арттырады әрі оған поэтикалық сипат береді. Осылайша картина адамның ішкі күйін, жалғыздық пен тыныштық сәттерінің сұлулығын бейнелейтін лирикалық көркем шығарма ретінде қабылданады.