Адай кілем, XIX ғ.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музей қоры.
«Кілемнің орталық бөлігін (өрісін) төрт ірі ромб тәріздес гүлді өрнектер (розеткалар) алып жатыр, олардың ішіне кішігірім фигуралар салынған. Ромбтардың жиегі мүйіз тәріздес иірімдермен көмкерілген, бұл композицияға иілімділік пен қарқын береді. Бірнеше жерде шебер өрнектің графикалық өткірлігін күшейте түсетін жебеге ұқсайтын элементтерді енгізген.Кең жиек (бордюр) крест тәріздес пішіндермен безендірілген, олар орталық өрістің айналасында қорғаныш белдеуі сезімін тудырады. Бұйымда қызыл түс басым болғанымен, түстер палитрасына өте бай: жасыл, көк және сары реңктердің қолданылуы сәндік мәнерлілікті арттыра түседі.Зерттеушілердің ерекше назарын ұштары сүйірленген мүйіз тәріздес мотивтер аударды. Неміс этнографы Рихард Карутц Батыс Қазақстанның мұндай өрнектерін жебе ұштарымен теңестіре отырып, Маңғыстау қазақтарының «отты жебелер» — найзағай мен күннің күркіреуі туралы халықтық түсініктерін мысалға келтіреді. Бұл нанымдар бойынша, аспан жебелері — бұлттарды басқаратын періште мен жын-шайтан арасындағы шайқастың нәтижесі. Ғалым қазақ санасындағы періште мен шайтан бейнелері көне анимистік сенімдердің исламданған қабығы ретінде көрініс табатынын атап өткен.Карутц сонымен қатар Маңғыстау орнаментикасында жебе мотивінің дербес мағынасы бар екенін де жазған. Осы тұрғыдан алғанда, «адай кілеміндегі» жебе тәріздес элементтер адай руының «оқ» немесе «жебе» деп аталатын рулық таңбасын білдіруі мүмкін деп болжауға болады. Олай болса, кілем өрнегі тек сәндік элемент қана емес, сонымен бірге рулық бірегейліктің, қасиетті қорғаныштың және көне мифологиялық түсініктермен байланыстың нышаны ретінде де түсіндіріледі».