Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Бесік

Тал, дәстүрлі жасалу технологиясы. ХХ ғ. бірінші жартысы. Шарбақты тарихи-өлкетану музейі. • Бесік. XVIII ғ. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры.

Бесік – қазақтың дәстүрлі киелі мүлкі, оның шығу тегі туралы халық арасында көптеген аңыз-әпсаналар қалыптасқан. Бесікті пайдалануға қатысты қатаң ережелер мен тыйымдар бар. Мәселен, «бос бесікті тербетуге болмайды», бұл жаман ырым блып саналады. Сәбиді алғаш бесікке бөлеу — «Бесікке салу» жоралғысы балаға денсаулық пен бақ-береке тілеумен өткізіледі. Төле би бабамыз айтқандай: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», сондықтан бұл үрдіс қасиетті жыр-әнмен басталады (Нұрланова 22).Халық сенімінде ағаш табиғи тұмар ретінде сәбидің денсаулығын тіл-көзден және өмірдің түрлі тауқыметінен қорғайды. Зерттеулерге сүйенсек, Сібірдің барлық түркі тілдес халықтарында ағаш «балаларды асыраушы (дүниеге әкелуші)» болып саналады, ол – өмірдің нышаны және ру мүшелерінің амандығының кепілі (Октябрьская және т.б. 32). Бесік жасау үшін тобылғы, терек немесе тал сияқты қатты ағаш түрлері таңдалған. Бесіктің құрылымы бірнеше бөлшектен тұрады: Керегесі (қорабы); Аяқтары (кейде бесікті тербетуге мүмкіндік беретін иілген ағаш тіліктеріне орнатылады); Белағаш — бесіктің екі басын жалғап тұратын ұзын тұтқа. Шеберлер бесікті безендіруде ағаш өңдеудің көптеген көркемдік тәсілдерін: жону, ою және бояуды қолданған. Ою-өрнектер негізінен игі тілектерді білдіреді: рулық таңбалар, қошқар мүйіз және т.б. Бесік нышанының халық үшін қаншалықты маңызды екенін Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген терең мағыналы нақылынан аңғаруға болады. Бұл мақалдың астарында гүлденген ел болу үшін оның тамырын сақтау, жас ұрпақты дәстүр рухында тәрбиелеу маңызды деген ұлы ой жатыр.