Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Шығармашылық», 2012 жыл. Аралас техника.

Бубэ Нелли

Mixed media техникасында орындалған бұл туынды дәстүрлі әйелдер қолөнерін мәдени сабақтастықтың маңызды тетігі ретінде визуалды түрде бейнелейді. Композиция көпдеңгейлі баяндау қағидатына негізделген, орталықта тоқыма бұйымдарын дайындаумен айналысатын шебер әйелдің бейнесі орналасса, оның айналасындағы қосымша көріністер дәстүрлі бұйымдарды жасаудың әртүрлі кезеңдерін көрсетеді.Визуалды семиотика тұрғысынан шығарма таңбалар жүйесі ретінде қызмет атқарады. Мұнда иіру, киіз басу, кестелеу және ою-өрнек элементтерінің әрқайсысы мәдени жад пен қолөнер дәстүрінің белгісі ретінде көрінеді. Кимешек киген өзге шебер әйелдердің бейнелері білім мен тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа берілу идеясын өзектендіріп, мәдени мұраның сабақтастығын көрсетеді.Туындының колористикалық шешімі охра-алтын түстес және салқын көк реңктердің үйлесіміне құрылған. Бұл түстер табиғи-этнографиялық мазмұн мен сәндік-көркемдік сипаттың арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырады. Сонымен қатар түстік үйлесім композицияның эмоционалдық әсерін күшейтіп, оның тұтастығын қамтамасыз етеді.Шығармада әйелдер қолөнері дәстүрлі мәдени бірегейлікті сақтап, қайта өндіруді қамтамасыз ететін маңызды мәдени код ретінде интерпретацияланады. Осылайша туынды қазіргі визуалды кеңістікте ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәстүрлі өнердің рухани және әлеуметтік маңызын айқындайтын көркемдік тұжырымға айналады.