Желге қарсы, 2022 ж. Кенеп, майлы бояу. Суретшінің жеке мұрағатынан.
Карибаева Айгерим
Шығарма электросамокатпен жүйткіп келе жатқан жас қыздың бейнесі төңірегінде құрылған. Кейіпкер қырынан бейнеленгендіктен, композицияда айқын қозғалыс бағыты қалыптасады. Желбіреген шапан мен ұзын бұрымдар жылдамдық әсерін күшейтіп, картина атауында көрініс тапқан жел мотивін көзге анық елестетеді. Қозғалыс динамикасын қыздың жанында қалықтап ұшып келе жатқан екі қарлығаш толықтыра түседі. Олардың бейнесі еркіндік пен ұшу сезімін тудырып қана қоймай, маңызды мәдени символ ретінде де қызмет атқарады. Қазақ дәстүрінде қарлығаш – береке-бірліктің, үй жылуының және жақсы хабардың белгісі саналады. Ал алтын түстес қызғылт сары фонда бейнеленген жіңішке ай орағы композицияға поэтикалық әрі ертегілік сипат беріп, қарапайым тұрмыстық көріністі метафоралық кеңістікке көтереді.Кейіпкер ұзын көйлек пен ою-өрнекпен безендірілген шапан киген. Оның бұрымдарына қозғалыс кезінде сыңғырлауы тиіс дәстүрлі әшекей – шолпы тағылған. Картина контексінде бұл көне мәдени элемент жаңа мағынаға ие болады, енді ол баяу жүріспен емес, заманауи қалалық өмірдің жоғары қарқынымен сабақтасып көрінеді. Сонымен қатар электросамокат пен сымсыз құлаққаптар бүгінгі дәуірдің таңбалары ретінде көрініс тауып, кейіпкердің мобильділігін, тәуелсіздігін және жаһандық урбанистік ортаға кіріктірілгендігін білдіреді.Осылайша шығарма дәстүр мен заманауилықтың үйлесімді тоғысуын көрсетеді. Ұлттық мәдени кодтар қазіргі технологиялық өркениеттің белгілерімен қатар беріліп, қазақ мәдениетінің уақыт талабына сай жаңғырып, жаңа көркемдік мағынаға ие бола алатынын паш етеді. Қыз бейнесі өткен мен бүгінді, ұлттық болмыс пен қазіргі қалалық өмір салтын байланыстыратын символдық тұлға ретінде қабылданады.