Тұсалаша, ХХ ғ. бірінші жартысы
«Тұсалашаның ең қызықты нұсқаларының бірі — аралас техникамен тоқылған, ақ түсті төрт басқұрдан біріктіріліп тігілген бұйым. Тоқу әдістерінің мұндай үйлесімі кілем бетіне түрлі фактуралық ерекшелік беріп, ою-өрнектің графикалық айқындығын арттыра түседі.Композицияда кең және жіңішке жолақтардың кезектесіп келуі нақты ырғақ пен визуалды реттілік тудырады. Осы жолақтардың аясында дәстүрлі өрнектердің бай жүйесі өрілген: омыртқа, тұмарша, қаңқа, тарақ, қосмүйіз, сынықмүйіз және тағы басқалары.Бұл мотивтердің мағынасы дәстүрлі ою-өрнек жүйесіне терең бойлаған: Омыртқа — өмірлік өзек, тұрақтылық пен ұрпақ жалғастығының нышаны; Тұмарша — шаңырақ пен отбасын пәле-жаладан сақтайтын қорғаныш белгі-бойтұмар; Қаңқа — негіздің, ішкі құрылым мен тіректің бейнесі; Тарақ — реттіліктің, тазалықтың, қорғаныш пен әйел затының белгісі; Қосмүйіз — күш-қуат, молшылық және бақ-берекемен байланысты ең көне зооморфтық символдардың бірі; Сынықмүйіз — мүйіз мотивінің өрнекке қозғалыс пен күрделі иілім беретін ерекше түрі.Басқұрдың ақ түсті аясы (фоны) өрнектердің қанықтығын күшейтеді, ал жалпы композиция қазақ ою-өрнегіне тән құрылымдық қатаңдық пен сәндік байлықтың үйлесімді бірлігін паш етеді».