Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Білезік

Білезік. XIX–XX ғасырлар. Батыс Қазақстан. Күміс, қаралау, нақыштау, зернь. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Білезік, топсалы манжет тәрізді білезік (XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы, Батыс Қазақстан)

Топсалы манжет тәрізді білезік – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән дәстүрлі қол әшекейлерінің бірі. Ол салтанатты жағдайда тағылатын бұйымдар қатарына жатады және күрделі құрылымымен әрі бай өрнектік безендірілуімен ерекшеленеді.

Материалы: күміс. Техникасы: нақыштау (гравировка), қаралау (чернь), бүршіктеу (зернь).

Қаралау тәсілінің қолданылуы өрнек пен фон арасындағы контрастты күшейтіп, композицияның көркемдік әсерін арттырады. Ал бүршіктеу әдісі бұйым бетінің фактуралық байлығын тереңдете түседі.

Бұйымның құрылымы топсалы жалғауы бар толық жабыққа жақын көлемді цилиндр пішінді білезіктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде салпыншақ элементтерді бекітуге арналған ілгектер орналасқан, бұл оның бастапқыда қосымша сәндік бөлшектермен толықтырылғанын көрсетеді. Төменгі бөлігінде орналасқан шағын шығыңқы элементтер бұйымның құрылымдық тұтастығын күшейтіп, композицияны аяқтайды.

Композициялық шешімі фриздік қағидаға негізделіп, беткі кеңістіктің нақты аймақтарға бөлінуімен сипатталады. Орталық бөлікте композицияның негізгі өзегі қызметін атқаратын ірі сопақша медальон орналасқан. Оның ортасы стильдендірілген розетка түріндегі ойық өрнекпен безендірілген. Медальон геометриялық өрнектермен қоршалып, симметриялы дамитын өсімдік тектес мотивтер жүйесіне енгізілген. Жоғарғы және төменгі белдеулер сызықтық және тісті өрнектермен көмкеріліп, бұйым пішінінің шекарасын айқындай түседі.

Өрнектік жүйесі өсімдік және геометриялық мотивтердің, сондай-ақ ойық өрнек элементтерінің үйлесуіне негізделген. Қараланған фон мен жарқыраған күміс бетінің контрастылығы композицияның графикалық әсерін күшейтеді. Бүршіктеу тәсілі арқылы орындалған сәндік бөлшектер жарық түскенде жылтыраған әсер беріп, бұйымның сәндік байлығын арттырады.

Бұл білезік Батыс Қазақстан зергерлік өнеріне тән күрделі композициялық шешімді, көлемдік-пластикалық айқындықты және сәндік өрнектің молдығын көрсетеді. Оның көркемдік құрылымы дәстүрлі қазақ зергерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі мен эстетикалық талғамын айқын бейнелейді.