Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Күміс белдік

Күміс белдік. XX ғасыр. Былғары, металл, штамптау, ою, күміспен қақтау, шыны қондырмасы. Қазақстан Республикасы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қоры.

Күміс белдік

Бұйым белдік әшекейлер қатарына жатады және киімнің күрделі сәндік-құрылымдық элементі болып табылады. Ол белді бекіту қызметін атқарумен қатар, сәндік әрі әлеуметтік мәртебені білдіретін маңызды көркемдік қызметке ие. Белдік былғары негізде жасалған, оның бүкіл ұзындығы бойына тұтас көркемдік композиция құрайтын металл қаптырмалар бекітілген.

Композиция әртүрлі пішіндегі сәндік элементтердің кезектесіп орналасуына негізделген сызықтық ырғақ қағидаты бойынша құрылған. Белдіктің негізгі бөлігі тік төртбұрышты сегменттерден тұрады, олардың ішінде стильдендірілген ою-өрнек нақыштары мен дөңгелек пішінді қондырмалар орналастырылған. Белдіктің шеткі бөліктері ірі пластиналармен безендіріліп, олар әрі ілгек қызметін атқарады, әрі композицияны көркемдік тұрғыдан аяқтайды.

Ою-өрнек жүйесінде геометриялық және стильдендірілген өсімдік тектес элементтер үйлесім тауып, ырғақты әрі реттелген құрылым түзеді. Қаралау металл бетіне күміспен жүргізілген кіріктірме бедерлеу (насечка) айқын контраст жасап, бұйымның сәндік әсерін күшейтеді. Шыныдан жасалған қондырмалар қосымша түстік реңк енгізіп, оның көркемдік тартымдылығын арттыра түседі.

Технологиялық тұрғыдан белдік металды өңдеудің бірнеше тәсілдерінің үйлесімін көрсетеді, қалыптау (штамптау) негізгі пішіндерді жасауға мүмкіндік берсе, қашау және оймыштау әдістері ою-өрнек бөлшектерін нақтылайды, ал күміспен жүргізілген кіріктірме бедерлеу контрастылы графикалық шешім қалыптастырады.

Жалпы алғанда, бұл бұйым дәстүрдің кейінгі кезеңдеріне тән белдік құрылымының сәндік жағынан күрделене түсу үрдісін көрсетеді. Мұнда ою-өрнектің ырғақтық ұйымдастырылуына және әртүрлі материалдардың үйлесімді қолданылуына ерекше мән беріліп, тұтас көркемдік бейне жасалған.