Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Іле–Қаратал» муралы. @air_g_art. Фото дереккөзі: https://www.instagram.com/air_g_art/

Суретшілер тобы «AirG» - air_g_art

Муралдар Балқаш көліне апаратын өткелмен бөлінген, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі тұрғын үйдің қасбетіне салынған.Қабырға суреттерінің семантикалық негізін Іле мен Қаратал өзендерінің қайғылы махаббаты туралы көне аңыз құрайды. Аңыз бойынша, қыздың әкесі – Балқаш көлі ғашықтарды бір-бірінен ажыратады. Бұл идея муралдардың кеңістіктегі орналасуынан және олардың көк пен ақ түстерге құрылған жарқын палитрасынан көрініс тапқан.Сол жақтағы композицияда дәстүрлі киім киген сұлу қыз – Іле бейнеленген. Оны қоршаған ирек және түзу сызықтар қозғалыс әсерін тудырып, су стихиясымен байланысын айқындай түседі. Бейнедегі нәзіктік пен жеңілдік өзеннің табиғи болмысын көркем түрде жеткізеді.Оң жақта батырлық келбеттегі Қаратал бейнесі орналасқан. Ол жауынгерлік киімде суреттеліп, ерлік пен қайсарлықтың символы ретінде көрінеді. Композицияны алыста қалықтап бара жатқан тұлпар мен өзеннің ирек лентасы толықтырып, кейіпкердің динамикалық сипатын күшейтеді.Бұл мурал қала кеңістігін көркем безендіру құралы ғана емес, сонымен қатар Балқаш қаласының мәдени жадын сақтайтын маңызды символдық нысан болып табылады. Шығармада жергілікті аңыздар мен мифологиялық бейнелер жаңаша көркем тілде интерпретацияланып, Балқаштың өзіндік рухын, тарихи жады мен мәдени бірегейлігін бейнелейді. Осылайша мурал көрерменге қаланы аңыздар мен рәміздер өмір сүретін ерекше топос ретінде таныстырады.