Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Фотосурет. «Байрокко» жобасынан

Анвар Мусрепов

Жаңа медиада ремейк тәсілін қолдану интернет кеңістігінде толыққанды көркемдік хабарлама қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі болып табылады. Анвар Мүсіреповтің цифрлық фотосуреті – суретшінің «Байрокко» жобасындағы рөлдік автопортреті және Микеланджело Меризи да Караваджоның «Жеміс себетін ұстаған бозбала» (шамамен 1593–1595 жж., кенеп, майлы бояу, 70×67 см, Боргезе галереясы) атты ерте кезеңдегі шығармасының ремейкі болып табылады.Цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, суретші өз туындысын әйгілі итальяндық шебердің кескіндемесімен концептуалдық тұрғыдан салыстырады. Серия атауындағы астарлы мағынамен қатар, Мүсірепов Караваджо шығармаларына тән театрлық әсерді, кейіпкердің ойлы әрі мұңды келбетін жаңаша интерпретациялайды. Сахналық қойылым мен фотокамераның көмегімен ол караваджизмге тән жарық пен көлеңкенің өткір қарама-қарсылығын (тенебризм, кьяроскуро), жарықтың шағылысуы мен рефлекстерін қайта жаңғыртады.Жалаңаш иықтың жылы реңкі мен ақ матадан жасалған жамылғы композициядағы бейтарап фон қызметін атқарады. Осы фон аясында кейіпкер қолындағы себет ерекше назарға ілігеді. Алайда суретші Караваджо туындысындағы табиғи жемістердің алуан түсті молшылығын қазіргі жаһандық тұтыну мәдениетінің белгісі саналатын халықаралық брендтердің жарқын қаптамадағы snacks өнімдерімен алмастырады. Осылайша жемістердің табиғилығының орнына жаппай өндірілетін тұтыну тауарларының көрнекі бейнесі ұсынылады.Өнертанушылар Караваджоның аталған картинасын суретшінің алғашқы натюрморттарының бірі ретінде бағалайды. Ал Анвар Мүсіреповтің жобасында қазіргі адамның жаппай өндірілетін азық-түлікке тәуелділігі тұтыну қоғамының, посткапитализмнің және жаһанданудың мәдени мәселелерін бейнелейтін көркемдік метафораға айналады.Француз өнертанушысы Юбер Дамиштің пікірінше: «Фотография – шынайылықтың жай ғана ізі емес. Ол кинохроникадан да белсендірек түрде тарихтың қалыптасуына қатысады, қоғамдық тарихқа да, ең терең жеке тарихқа да, ұжымдық жадыға да, жеке адамның өмірлік тәжірибесіне де ықпал етеді» (1990). Бұл тұжырым Анвар Мүсіреповтің шығармашылық әдісінің мәнін айқындай түседі, өйткені оның фотожобасы классикалық өнер мен цифрлық мәдениетті байланыстыра отырып, қазіргі қоғамның өзекті әлеуметтік-мәдени мәселелерін жаңа медиа тілі арқылы пайымдайды.

Дереккөз: https://www.photographer.ru/cult/person/6788.htm?ysclid=mpia2yigkq460918953Микеланджело Меризи да Караваджо. «Жеміс себетін ұстаған бозбала». Шамамен 1593–1595 жж. Кенеп, майлы бояу. 70 × 67 см. Боргезе галереясы (Galleria Borghese), Рим

Дереккөз: https://ru.borghese.gallery/kollekcziya/kartiny/malchik-s-korzinoj-fruktov.html?ysclid=mprwx45z7f891416933