Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Ақсай ағыны» (фрагмент). 2020 ж. Жүн, киіз басу, тастар.

Бапанова Сауле

«Ақсай ағыны» туындысы табиғи материалдар мәдени және ландшафтық жадының тасымалдаушысы ретінде пайдаланылған заманауи көркем тоқыма өнерінің үлгісі болып табылады. Шығарма тактильдік эстетика мен материалдық символизм қағидаттарына негізделген. Мұнда мағынаны қалыптастыратын негізгі көркемдік құрал ретінде материалдың өз фактурасы қызмет атқарады.Материалдың өзі «жұмсақ – қатты», «уақытша – мәңгілік», «адамдық – табиғи» сияқты семиотикалық қарама-қарсылықтарды қалыптастырады.Композиция көркемдік тұрғыдан Ақсай тау өзенінің бейнесін жүннен жасалған ширатпалардың динамикасы арқылы интерпретациялайды. Олар су ағысының қозғалысын сезіндіріп, табиғи ландшафтты үздіксіз өзгерістегі тірі үдеріс ретінде бейнелейді. Осы тұрғыдан талшықты құрылымға кіріктірілген тастар уақыттың іздері қызметін атқарып, табиғат тарихының өзіндік «архивтік фрагменттеріне», яғни тоқтап қалған қозғалыстың белгісіне айналады.Концептуалдық тұрғыдан «Ақсай ағыны» нақты географиялық кеңістік – Ақсай шатқалын эмоциялық жадының тасымалдаушысы ретінде қарастыратын «мекен рухы» (Genius Loci) идеясымен сабақтасады.