Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Белдемше
Мамандардың пікірінше, «белдемше» атауының құрамындағы «бел» — бел, «дем» — тынығу, ал «емші» — емдеуші деген ұғымдармен сабақтасып, белге тыныс беретін, шипалық қасиеті бар киім мағынасын білдіреді. Белдемше — кестемен әшекейленген, алды ашық келетін сырт белдемше. Оның салтанатты және күнделікті түрлері болғанымен, ол әрдайым көйлектің сыртынан және тек тұрмысқа шыққан әйелдер тарапынан ғана киілген. Салтанатты белдемше көбіне қымбат барқыттан, әдетте қызыл немесе күрең қызыл түсті матадан тігілген. Бұл түстер өмірлік қуат, әйелдің күші, денсаулық, құнарлылық секілді ұғымдарға сәйкес келеді. Өз кезегінде белдемшенің ою-өрнегі магиялық қуатқа ие деп саналып, оның қорғаныштық, яғни тұмарлық шеңбер ретіндегі сакралды қызметін күшейте түскен.
Дәстүр бойынша белдемшені әйелдің анасы дайындаған. Ал оның әшекейіне қарап иесінің қай рудан екенін, әлеуметтік мәртебесін және шамамен жасын аңғаруға болған. Белдемшені әйел алғаш рет үш бала туғаннан кейін киген, ал бұл оқиға арнайы ғұрыптық дастарқанмен қатар жүрген. Шақырылған әйелдер міндетті түрде сыйлық әкеліп, игі тілектер айтқан. Егер кимешекті алғаш кигізуге қатысты рәсім көбіне енінің бастамасымен өтсе, белдемшені алғаш кию рәсімі тек оның иесінің өз қалауымен ұйымдастырылған. Бұл әйелдің жаңа мәртебесін — өз алдына толық құқылы шаңырақ иесі болғанын білдірген.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.