Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Алтын Тақ

Хандарды таққа отырғызу рәсімінің нұсқаларының бірі, революцияға дейінгі кезеңдегі жазба деректерде барынша кең сипатталғаны – ақ киізді пайдалану арқылы жүзеге асатын «Хан көтермек» рәсімі (оның семиотикалық түсіндірмесін А.А. Галиев зерттеген). Алайда соңғы уақытта ғалымдар ханды таққа отырғызу рәсімі тақ пен тәжді қолдану арқылы да жүзеге асқан деген болжам ұсынуда. Бұл туралы Н. Атыгаев фольклорлық және жазба деректерге сүйене отырып, былай деп жазады: …тақ пен тәж Қазақ хандығында жоғарғы билік пен мемлекеттіліктің нышаны ретінде қолданылған. Өзінің шығу тегі жағынан олар моңғолдардың мемлекеттік билік атрибуттарымен байланысты болған [5, 8-б.]. Өз кезегінде А.Ш. Бимендиев қазақ хандарын таққа отырғызу рәсімі екі кезеңнен тұрған деп есептейді: «алдымен үміткерді киіздің үстіне көтерген («Аспанға көтерілу»), содан кейін тас тақ-плитаға отырғызған». Ал «тас тақтың (тахт=таг) этимологиясы түркілердің қасиетті тау туралы ежелгі тәңірлік түсініктерінен бастау алады» [6, 75-б.].

Кейбір деректерде тақтың сипаттамасында оның материалына (таза алтын) және оны безендірген элементтерге (төрт бұрышында арыстан, қабылан, жолбарыс және айдаһар мүсіндері орналасқан) ерекше назар аударылады. Символдық және сакралдық мағынада тақтың материалы – алтын – патшалық әулет өкілдерінің ежелгі түс-символы болып табылады. Нақты және мифологиялық жануарлардың болуы да символдық-семантикалық мазмұнға ие: арыстан, қабылан және жолбарыс – ерлік, батылдық және қаһармандықтың мәңгілік нышандары, ал айдаһар – Еуразия халықтарының ең көне тотемдік культтерінің бірі (кейбір ғалымдардың пікірінше, айдаһар мен қасқыр символдық тұрғыдан тең, ал басқа бір нұсқада айдаһар әлемнің алғашқы жаратушысы ретінде түсіндірілген). Олардың тақтың төрт бұрышында (дүниенің төрт тарабында) «отыруы» билік пен мемлекеттің мызғымастығы идеяларын бейнелейді. Кейінгі кезеңдегі қазақ тағын сипаттай отырып, Т.И. Султанов оның бай безендірілген ағаш кресло емес, биіктеу жерге қойылған, үстіне алтынмен кестеленіп, асыл тастармен безендірілген төсеніш жабылған жастық екенін атап өтеді [10, 65-б.]. Бұл төсенішті А.Ш. Бимендиев «балдахин» деп атайды. Осы нұсқада да тақ орнының сипатында алтын мен асыл тастар билеушінің айрықша мәртебесін айқындайтын символдық атрибуттар ретінде көрінеді.

Өткен дәуірде қазақтарда жоғарғы биліктің сакралды атрибуттарына тақ, тәж, мөрлі сақина, хан тамғасы және, әрине, сұлтан әулеті өкілдеріне тән киімдер жатқызылған. Барлық осы атрибутика (түсі, материалы, әрекеттері және т.б. секілді түрлі құралдармен бірге) негізгі идеяны – билеушінің құдайлық болмысын, қоғам түсінігінде дерлік тылсым күшке ие негізгі тұлға – хан мәртебесін айқындады. Ал ханды таққа отырғызу рәсімінің өзі Еуразия көшпелілері ортасында болған ертеректегі ұқсас дәстүрлердің іздерін сақтап қалды.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.