Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

 «Бөрi кұлақ»

Қасқыр мен бөрінің, сондай-ақ олардың дене мүшелерінің әртүрлі өрнек, тұмар және фетиш түріндегі бейнелері түркі мәдениетінде кең таралған. Халықтық санада адамдар әлемі мен қасқырлар әлемі өзара тығыз байланысты деп ұғынылған, бұл адамдар мен қасқырлардың қанды немесе емшектес туыстығы туралы мифологиялық сюжеттерден айқын көрінеді.

Батыс мәдени дәстүрінде қасқыр, көбіне, қиратушы күштің және тылсым, жаман бастауның белгісі ретінде қабылданады. Сонымен қатар кейбір халықтарда соғыс құдайы «қасқыр кейпіндегі» құдай ретінде сипатталады, мысалы Марс, Один және т.б.

Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрінде бөрі мен қаншық қасқыр арғы ата, қорғаушы күш ретінде танылады. Халықтық түсінік бойынша, қасқыр — жын-шайтанның, зұлым рухтардың қас жауы. Сондықтан қасқырдың азу тістері, терісінің бөліктері, сүйектері және басқа да мүшелері балалар мен ересектерге арналған тұмар ретінде пайдаланылып, халық медицинасында да қолданылған.

Қасқыр бейнесі әртүрлі ойындарда, сондай-ақ әдет-ғұрыптар мен салт-жораларда көрініс табады. Мысалы, науқас баланы қасқыр терісінің астынан немесе оның аузының астынан өткізген. Тіпті этнографиялық бергі кезеңге дейін қазақтарда қасқыр терісін, көбіне сыпырылып алынған күйінде, үйдің ең көрнекі жеріне, әдетте қабырға кілеміне іліп қою дәстүрі сақталған. Кейбір түркі халықтарының генеалогиялық аңыздарында қасқыр солярлық культпен тығыз байланыстырылады. Ғалымдар қаншық қасқыр бейнесінің сакралдануы қасқырдан да ертерек қалыптасқан деп есептейді, өйткені алғашқасы аналық культімен және жер культімен сабақтас болған. Ал еркек қасқырдың бейнесі көшпелі қоғамда ерлер рөлінің күшеюімен бірге түркі мифопоэтикасында нығая түскен.

Бұл жануарды қастерлеудің және оның әлеуметтік мәнінің іздері тек дәстүрлі наным-сенімдерде ғана емес, көптеген түркі халықтарының көркемдік дәстүрінде де сақталған.

Қасқыр тақырыбындағы өрнектерді белгілі бір композицияда қолдану, сірә, жануардың күші мен қуатын дарыту идеясын білдіріп, сонымен қатар қорғаныштық магия қызметін атқарған. Негізінен бұл мотив зергерлік өнерде және былғарыны бедерлеу өнерінде жиі кездеседі.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.