Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
«Кемпірқосақ»
Әлемдік мәдениетте кемпірқосақ қосмәнді сипатқа ие. Кейбір халықтар үшін ол тек жағымды құбылыс ретінде қабылдалып, аспанға апарар баспалдақ немесе жұмаққа бастар жол деп түсіндірілсе, енді бір халықтарда адам жандарын жалмайтын зұлым мақұлық бейнесімен байланыстырылған. Қазақ мәдениетінде кемпірқосаққа қатысты аспан әлемімен байланысты, түрлі түсті қой жайып жүрген кемпір бейнесіндегі түсініктер сақталған. Халықтық мәдениетте «кемпірқосақ» атауы тек ою түрін ғана емес, сондай-ақ безендірілген күмбезді мазарды да білдіреді. Кейбір түркі халықтарында кемпірқосақ доғалары аркамен, яғни михрабтың бастау үлгісімен байланыстырылады. Мұндай ұқсастық, мысалы, жайнамаздардан да байқалады.
Құрылымдық тұрғыдан бұл өрнек әртүрлі түсті жолақтардан тұрады. Ондағы көк түс — аспанның белгісі, ақ түс — ақиқат пен қуаныштың нышаны, сары түс — даналықтың, ақылдың және мұңның белгісі, жасыл түс — көктем мен жастықтың түсі. Бұл ою-өрнек алаша, қоржын, басқұр және басқа да тоқыма бұйымдарды безендіруде қолданылып, өмірдің алуан бояуын, байлықты, берекені және игілікті білдіреді.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.