Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
«Тұмарша»
«Тұмарша» — зұлым күштер мен тіл-көзден сақтайтын магиялық қорғанышпен байланысты кең таралған ою-өрнек мотивтерінің бірі. Қазақстан аумағында оның тұмар ретінде қолданылған алғашқы белгілері андрон мәдениетінің қыш ыдыстарынан кездеседі. Атауы түркі мәдениетіндегі жамандық пен арам күштерден қорғайтын қуатты бойтұмар — «тұмар» ұғымынан шыққан. Көбінесе тұмар үшбұрыш пішінді болып келеді. Өзінің нақты заттық түрі мен қызметі жағынан ол бүгінгі күнге дейін қолданысын жоғалтпаған.
Үшбұрыштың ұшы жоғары қараса, ол рухтың материядан жоғары көтерілуін білдіреді деп есептеледі. Бұл мағына дүниенің үш қабатын жалғаушы Ғалам тауы түсінігімен де байланыстырылады. Ал ұшы төмен қараған үшбұрыш рухтың материяға түсуін меңзейді. Кей жағдайда ұшы жоғары бағытталған үшбұрыш ер бастауын, ал ұшы төмен бағытталған түрі әйел бастауын білдіреді.
Үшбұрыш құдайылық нышан, жоғары ұмтылыстың және тіршіліктің белгісі ретінде қабылданады. Мағыналық жағынан ол аспан, жер және жерасты дүниесін біріктіретін Ғалам тауы ұғымына жақын. Бұл белгі әлемдік мәдениетте де кең таралған: мысалы, өзара байланысқан үш үшбұрыш ежелгі скандинавиялық Один құдайының символы саналса, әйгілі Дәуіт жұлдызы екі теңқабырғалы үшбұрыштың қиылысуынан құралады.
Қарапайымдылығы мен ықшамдылығының арқасында бұл өрнек қазақтың қолданбалы өнерінің барлық дерлік түрінде кеңінен пайдаланылады.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.