Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Шолпы» / «Шашбау

Дәстүрлі мәдениетте шашқа магиялық күш таңылған. Онымен өмірдің ұзақтығы мен бақыт ұғымдары байланыстырылған. Сондықтан шашты «қорғау» үшін арнайы әшекейлер — шолпы мен шашбау қолданылған. Шолпы бірінің астына бірі тізілген, нәзік оймыш өрнекпен әсемделген металл медальондар мен тиындардан тұратын салпыншақ түрінде жасалады. Олардың саны міндетті түрде тақ болуы керек: үш, бес, жеті. Сырға сияқты, кішкентай қыздардың шолпысы аса бай безендірілмеген, ал бойжеткен шақта қыздар сән-салтанаты келіскен, ерекше әшекейлі шолпы таққан. Бұл олардың айрықша мәртебесін білдірген.

Шолпы бұрымға өріліп тағылған және жүрген кезде сыңғырлаған әуезді дыбыс шығарған. Дәстүрлі түсінік бойынша, осы сыңғыр дыбыс иесін жаман күштерден қорғайды. Қыз ұзатылғаннан кейін мұндай салпыншақтар көбіне бір жылдай ғана тағылған.

Шашқа тағылатын әшекейлердің тағы бір түрі — шашбау. Ол ұзын, күрделі өрілген, кейде қос немесе үш қатарлы тізбектерден тұрады. Тиындар тігілген шашбаулардың ұшына жібек шашақтар немесе күміс салпыншақтар тағылып, олар бұрымның түбіне бекітіліп, ұшына дейін түсіп тұрған. Мұндай әшекейлерді қыздар мен жас келіншектер таққан, яғни олар жастықтың өзіндік нышаны ретінде жастарға ғана тән әшекей саналған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.