Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ақ қалпақ / Айыр қалпақ

Ақ қалпақ — киізден жасалатын, пішімінің бірнеше түрі бар ерлердің бас киімі. Пішім ерекшеліктеріне терең тоқталмай-ақ, оның тар әрі биік төбелі, ұшы дөңгеленген не сүйірлеу келген конус тәрізді пішінге ие екенін айтуға болады. Төменгі бөліктері қайырылып, кең жиек жасайды. Ол жиектер қара немесе қызыл түсті матамен көмкерілген. Тау мен биіктікті елестететін бұл пішін көне түркілік Ғалам тауы культімен байланыстырылады.

Осыған ұқсас бас киім бүгінгі күнге дейін қырғыздар арасында кең таралған, олар оны таудың және тазалықтың нышаны деп есептейді. Мамандардың пікірінше, ұшы сүйір және конус тәрізді киіз бас киімдердің мыңжылдық тарихы бар және олар билеушілер мен патшалық әулет өкілдерінің белгісі болған.

Солардың ішінде айыр қалпақтың мәні ерекше. Ол сакралды, яғни жоғарғы, аспани әлемді білдірген. Оның негізгі өрнектерінің қатарында жылқы, құс, арқар, Ғалам ағашы секілді бейнелер болған. Айыр қалпақ жібекпен және зерлі жіппен молынан кестеленген. Тарихшылардың пайымдауынша, бұл бас киім тәж қызметін атқарып, Шыңғыс әулеті өкілдерінің, яғни билеуші элитаның дәстүрлі киімінің ажырамас бөлігі болған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.