Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Тақия
Дәстүрлі мәдениетте кез келген бас киім сакралды мәртебеге ие. Қазақтар оны «үйдің құты», яғни отбасы мен шаңырақтың құты, өмір тудыратын бастау, тіршілік күші деп түсінген. Ерекше мәнге ие бас киім түрлері бірнешеу. Солардың ішіндегі ең кең таралғаны — тақия. Қазақ дәстүріндегі тақия міндетті түрде дөңгелек пішінде болып, шеңбер символикасын қайталайды.
Тақия — жеңіл тоқылған немесе сырылған бас киім. Ол Орталық Азия халықтарының ұлттық киіміндегі міндетті элементтердің бірі болған. Тақияны балалар, ер адамдар және тұрмысқа шықпаған қыздар киген. Жалпытүркілік «түбәтәй» атауы «төбе», «түбе», «топе» сөздерімен байланыстырылады, яғни биіктік, шың мағынасын білдіреді. Өз кезегінде, тақия жаман рухтардан қорғайтын бас киім әрі құдайға мойынсұнудың, ата-баба, ата-ана, үлкендер дәстүріне адалдықтың белгісі саналған. Дәстүрлі ортада бүгінге дейін егде жастағы ер адамдар үшін тақиясыз жүру сөкет қылық деп есептеледі.
Түркі тақиясының семантикасы оның әшекейінен айқын көрінеді. Оның көптеген түрлері сәндік-қолданбалы өнердің нағыз жауһарлары саналады. Жасы үлкен ер адамдар көбіне қою түсті тақия кисе, жастар ашық реңкті, бай әшекейленген түрлерін таңдаған. Олар жібекпен, алтын немесе күміс жіппен кестеленген зер тақиялар киген.
Бас киімнің өрнегі мен безендірілуі иесінің әлеуметтік мәртебесі, шамамен жасы және қай руға жататыны туралы да мәлімет берген.
Өзбек пен тәжік тақиялары дәстүрлі «қалампір» өрнегімен, яғни ащы және тәтті бұрыш бейнесімен безендірілген. Бұл — өмір мен ұрпақ жалғастығының нышаны. Сонымен бірге онда қошқар мүйіз өрнегі де кездеседі, ол күшті, әрекетті, табандылықты білдіреді. Ал арка тәрізді элементтер өмірдің циклдік сипатын меңзейді.
Қазақтың қыз тақиясы әртүрлі өрнектермен, моншақ кестемен, маржанмен, басқа да тастармен, сондай-ақ күміс қаптырмалармен не тиындармен әсем безендірілген. Ол сұлулық пен пәктіктің белгісі саналған. Тақияның төбесіне немесе жанына дәстүрлі тұмар қызметін атқаратын үкінің қауырсыны тағылған. Қыз өз тақиясын ұзатылғанға дейін киген. Үйлену алдында тақиямен қоштасу рәсімі өткізілген, өйткені ол балалық шақ пен уайымсыздықтың нышаны ретінде қабылданған. Үкілі тақияны ерекше мәртебесі бар адамдар — ақындар, сал-серілер және басқалар да киген.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.