Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Ала
Қазақ мәдениетіндегі түс семиотикасында «ала» ұғымы ерекше орын алады. Ол шұбар, түрлі-түсті деген мағыналарды білдіріп, бірнеше символдық реңкке ие. Бұл культтік атау түркі мәдениетіндегі ең қызықты ұғымдардың бірі саналады. Қазақ ұғымында ала түс Ортаңғы әлемді, өмірдің барлық қырын — жақсылық пен жамандықты, бірлік пен қайшылықты және тағы басқа қарама-қарсы құбылыстарды білдіреді. Кейбір зерттеушілер түркі, соның ішінде қазақ мәдениетіндегі «ала» ұғымының терең семантикалық мәнін көне тотемдік түсініктермен, атап айтқанда, шұбар ат бейнесіндегі құдайлық күшке табынумен байланыстырады.
«Ала» ұғымының мағынасы ғұрыптық-дәстүрлік мәдениет аясында ерекше айқындалады. Ең алдымен бұл «тұсау кесу» рәсімінен көрінеді. Мұндағы басты атрибут — ала жіп. Ол ақ, жасыл, қызыл түсті, кейде ақ пен қара түсті жүн жіптерден есілген шұбар бау түрінде болады. Қазақ арасында кең тараған «біреудің ала жібін аттама» деген өсиет теріс іс жасамауды, өзгенің ақысын жемеуді білдіреді.
Қазақтың ауызша поэзиялық мұрасында да ала түске қатысты бейнелер жиі кездеседі. Онда «көк ала ту», «ала ту», «ала-шұбар ту» секілді атаулар ұшырасады. Болжам бойынша, мұндай шұбар тулар қазақтардың мифтік арғы атасы — Алаша ханмен байланысты. Өйткені «Алаша» атауының өзі «ала» сөзімен төркіндес. Осы түс қазақтың дәстүрлі тоқылған кілемі — алашаға да атау берген. Алаша өмірдің көптүстілігін, дүниенің алуан реңкті болмысын және халықтың көркемдік дүниетанымының өзіндік ерекшелігін танытады.
«Ала» ұғымының тағы бір көркемдік көрінісі — әртүрлі түсті бояуы еркін жайылған, шұбарланған керамикалық ыдыстар. Орталық Азияда мұндай ыдыстар «ала гүлі» немесе «ала було» деп аталған. Халық түсінігінде ондай ыдыс көз тимейтін, яғни тіл-көзден қорғалған бұйым саналған.
«Ала» ұғымы дәстүрлі топонимикадан да көрініс тапқан. Мысалы, Алатау — ала, шұбар таулар, Алакөл — ала түсті көл дегенді білдіреді.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.