Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Қара

Қара түс — ақ түстің қарама-қарсы сыңары. Ол символдық мағынасы аса бай түстердің алғашқы үштігіне толық енеді. Алайда әлемдік мәдениетте оның мәні әртүрлі. Ежелгі үнді мифологиясында қара түс «тамас» ұғымына, яғни қыспақ пен тұнжырау күйіне сәйкес келеді; буддизмде ол надандықтың қараңғылығын білдіреді; ал конфуцийшілдікте қара түспен даналық пен білім байланыстырылған.

Түркі мәдениетіндегі қара түстің семантикалық-таңбалық мазмұны да сан алуан, кейде бір-біріне қарама-қарсы мағыналардың кең аясын қамтиды. Түркі мәдениетінде «қара» сөзі жиырмадан астам ауыспалы мағынада қолданылады. Бір жағынан, ол азаның, қайғы-қасіреттің, зұлымдықтың белгісі болып, жамандықты, теріс құбылысты күшейте көрсету үшін қолданылған. Мысалы, қара бас — жалғыз адам; қарабет, жүзіқара — арсыз, бетсіз; қара көңіл — қайғы, мұң. Жалпы алғанда, ол — Ерлік патшалығы саналатын жерасты әлемінің түстік көрсеткіші. Қазақтарда атақты адам қайтыс болған күні қара ту тігу дәстүрі бар, ол жылдық асы аяқталған соң түсірілген.

Екінші жағынан, қара сөзі «көне», «құдіретті», «күшті», «үлкен», «басты» деген мағыналарды да білдірген. Мысалы, қара шаңырақ — киелі не ата-ананың шаңырағы, қара қазан — қасиетті ошақ, қара жер — киелі жер. Сонымен бірге суға қатысты қара түс «терең» деген ұғымды да беруі мүмкін, мысалы, қара су. Осы мағынада қара өлең жанры да «өміршең, байырғы, уақытқа бағынбайтын» ұғымымен сабақтасып жатады.

«Қара» сөзі солтүстік тараппен, өлілер елімен де байланыстырылған, сондай-ақ көне, қуатты, өміршең деген мағыналарда да жұмсалған.

Қара түстің семантикасын қарастырғанда, қара мен ақтың көркемдік қарама-қарсылығының ерекше культтік мәнін де атап өткен жөн. Бұл әсіресе халық шығармашылығының бір туындысы — сырмақта айқын көрінеді. Кілем бетіндегі қарама-қарсы екі түсті шешім өмірдің дамуын, күн мен түннің алмасуын, қазақы танымдағы өзіндік «инь-яньды», яғни ер мен әйел бастауындағы үйлесімді білдірген.

Қазақ мәдениетіндегі ақ пен қараның символдық бірлігі кейбір заттар мен құбылыстардың екіжақтылығын білдіретін түс-таңбалық тәсіл ретінде де қолданылады. Бұл қос түстің көркемдік көрінісі қазақтың киіз сырмақтарында анық байқалады. Қара фонда орналасқан ақ өрнектер дүниенің қосжақтылығын, өмірдегі жақсы мен жаманның қатар өмір сүретінін меңзеуі мүмкін.

Сонымен қатар «көздің ағы мен қарасындай көру, қорғау» деген тіркес «көздің қарашығындай сақтау» мағынасында жұмсалады. Ал «көздің ағы мен қарасындай» деген сөз тіркесі тура мағынасында көздің ағы мен қарашығын білдірсе, ауыспалы мағынада «ең қымбат, баға жетпес, жалғыз» деген ұғымды аңғартады.

Жалпы алғанда, бұл түстердің қарама-қарсылығы дәстүрлі дүниетанымда жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш секілді кереғар мәндердің бинарлық оппозициясын көрсетеді.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.