Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Қызыл
Қазақтың дәстүрлі түстер жүйесіндегі сакралды иерархияда қызыл түс өзіндік орын алады. Мағыналық тұрғыдан ол күнмен және оның туындысы — отпен байланысты. Халықтық мәдениет пен фольклорда көбіне «жас», «жаңа туған» деген мағынада қолданылады. Сондықтан оңтүстік аймақтарда әйелдердің үйлену киімі — шапан қызыл түсті шұғадан тігіліп, күнді бейнелейтін өсімдік тектес розеткалармен өрнектелген. Қызыл түс түркі халықтарында ежелден күшті тұмар ретінде қабылданған және биліктің геральдикалық белгісі бола алған.
Бұл түс қазақтардың отбасылық ғұрыптарында да көрініс табады. Мысалы, дәстүр бойынша, ботасы жаңа туған үйдің жанына қызыл мата байланған. «Қызыл» сөзі қатысқан жер-су атауларын зерттеу де қызықты мәлімет береді. Мұнда ол өмірді және оңтүстік, яғни оңтүстік тарапты білдіреді. Мысалы, Қызылтөбе — оңтүстік төбе, Қызылтау — оңтүстік тау. Жалпы алғанда, қазақ ұғымында қызыл — өмірді дәріптейтін түс. Дәстүрлі түкті кілемдердің негізгі реңкі қызылдан бастап қошқыл қызылға дейінгі алуан түрлі бояулардан тұрады. Бұл Ортаңғы әлемді, яғни тірілер дүниесін символдық тұрғыдан белгілеген. Қызыл түстің маңызы түркі-моңғол халықтарының туларын безендіруден де байқалады.
Түркі мәдениетінде қызыл түс туыстықты, ұрпақтар сабақтастығын, күшті, қуатты, батырлық мінезді, сондай-ақ қуаныш пен жеңісті білдіреді. Көптеген түркі халықтарының эпостық жырларында бұл түс батырлықтың белгісі ретінде көрінеді.
Қызыл түс әлемдік мәдениетте де кең таралған. Қытайда ол сәттілік пен өркендеудің нышаны болса, полинезиялықтарда «сүйікті» сөзінің баламасы ретінде қабылданады. Христиандықта ол құрбандық қанының түсі, мысырлықтарда шайтандық Сет құдайымен және жауыз жылан Апоппен байланыстырылады. Жапон мәдениетінде қызыл түс жапон халқының арғы тегі саналатын Аматэрасу құдай-анамен сабақтас. Жалпы, өзге түстер сияқты, қызыл да әлемдік мәдениетте әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қарсы мағыналарға ие болуы мүмкін. Ол бірде агрессияның, тозақ пен шайтанның түсі болса, енді бірде махаббаттың, биліктің және ұлылықтың нышаны ретінде танылады.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.