Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Тәж

Қазақ хандарының билік атрибуттарының маңыздысының бірі – тәж болған. Сипаттамаларға қарағанда, ол асыл тастармен безендірілген, ал бұл тастар өз кезегінде билік күшінің символы ретінде қарастырылған. Өкінішке қарай, тәждегі бұл әшекей тастар туралы нақты мәліметтер әзірге табылған жоқ. Тәждің билік нышаны ретіндегі құрылымдық логикасына сүйенсек, бұл тастар билеушінің магиялық күшін білдіріп, оны көз тиюден және түрлі бәле-жаладан қорғауға тиіс болған.

Зерттеуші А.Ш. Бимендинов [11–12] кең ауқымды бейнелеу және этнографиялық деректерге сүйене отырып, Шыңғыс әулетіне тән үшкір төбелі конус тәрізді бас киім Шыңғыс ханның алтын тәжінің реликтісі болып табылады және қазақ қоғамында билік нышаны ретінде қабылданған деген болжам жасайды. Белгілі болғандай, мұндай бас киімдер (әдетте ақ немесе қызыл түсті) алтын жіппен тігілген бай өрнектермен, соның ішінде өсімдік тектес және ағаш тәрізді оюлармен безендірілген. Сондай-ақ деректерде мұндай бас киімдердің үкі немесе жапалақ қауырсындарымен әшекейленгені туралы мәліметтер кездеседі. Зерттеуші маңызды бір детальды атап өтеді: бас киімдегі бейнелік белгілерді жазықтыққа түсіріп қарастырғанда, төрт «ағаш» бір жүйеде орналасып, өрнегі бар материал қазақтың Шыңғыс әулетінің туына айналатындығы байқалады [11, 117-б.]. Яғни, тулар мен бас киімдердегі көрнекі бейнелер (декор) бірдей деген қорытынды жасауға болады.

Ж. Кундакбаеваның пікірінше, салтанатты рәсім өтетін кеңістікті безендіруде алтын, алтын түсті және қызыл түстер басым болған. Көшпелілердің дүниетанымында бұл түстер билікпен байланысты ассоциациялар тудырып, жоғары мәртебе мен маңыздылықтың көрсеткіші болған [13, 33-б.]. Осылайша, тәж немесе оның кейінгі нұсқасы – конус тәрізді бас киім – өрнек, түс және пішін тілі арқылы билеушінің құдайлық болмысын білдірген.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.